Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттап, Қазақстан спортының алдағы міндеттерін атады
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін атап өтіп, елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту және алдағы ірі жарыстарға дайындық мәселелеріне тоқталды.
Президент ұлттық құрама мүшелерінің нәтижелерін жоғары бағалап, олардың жеңістері жас спортшыларға үлгі болатынын айтты.
– Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортшылардың жетістіктерін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен байланыстыра отырып, алдағы инфрақұрылымдық жобаларға да назар аударды.
Оның айтуынша, 2027 жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, емханалар, мәдениет және спорт нысандары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салу көзделген.
Президент жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салудың маңызын атап өтті. Әсіресе, шалғай ауылдардағы балалардың спортпен шұғылдануына тең мүмкіндік жасау қажеттігіне тоқталды.
– Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бес жылда Қазақстанда спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғанын хабарлады. Сондай-ақ «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалғанын еске салды.

Фото: akorda.kz
Президент Азия және Параазия ойындарында ерекше нәтижелерге қол жеткізген бірқатар спортшының есімін атады.

Фото: akorda.kz
Олардың қатарында Параазия ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменова бар.
Сонымен қатар таэквондодан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алған Темірлан Тілеулес, бокстан чемпион атанған Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың жетістіктері атап өтілді.

Фото: akorda.kz
Каратэші Софья Берульцева Жапонияда өткен жарыста екінші рет Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал велошабандоз Алексей Луценко жекелей және топтық жарыстарда екі алтын медаль иеленіп, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы болды.
Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев Параазия ойындарында екінші рет чемпион атанып, Азия рекордын жаңартты. Мемлекет басшысы оның екі дүркін Паралимпиада чемпионы және үш дүркін әлем чемпионы екенін де атап өтті.
Президент Қазақстанның алдағы жылдары ірі халықаралық спорт жарыстарын қабылдайтынын мәлімдеді.
Атап айтқанда, 2027 жылы елімізде бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт түрлерінен әлем чемпионаттарын өткізу жоспарланған.

Фото: akorda.kz
Сонымен қатар Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылмақ. Ал Астанада УЕФА-ның 51-конгресін өткізу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы мұндай халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру Үкіметтің, салалық министрліктің, спорт федерациялары мен Ұлттық олимпиада комитетінің үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты.
Бұдан бөлек, Президент 2026 жылы Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің (WADA) конгресін өткізуге тоқталды.
Оның айтуынша, Қазақстан таза спорт қағидаттарын ілгерілетуге, допингке қарсы күресте халықаралық стандарттарды енгізуге және әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүдделі.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың халықаралық аренадағы ел беделін арттырумен қатар, жастар тәрбиесінде де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықты қазірден бастап күшейту қажеттігін айтты. Бұл бағытта спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz
Салтанатты рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Азия және Параазия ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бір топ қазақстандық спортшыға мемлекеттік марапаттар табыстады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz