Compass Шарын мен Қайыңдыға апарар жолда Қазақстандағы ең ірі кешенін ашты
Жобаға шамамен 3 млрд теңге инвестиция салынды. Аумағы екі гектар болатын кешенде саяхатшылардың жайлы аялдауына барлық жағдай жасалып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары ашылды.
Алматы облысы, 2026 жылғы 26 қазан. Kusto Group құрамындағы «Новая АЗС» ЖШС басқаратын Compass жанармай құю станциялары желісі Алматы облысының оңтүстік-шығысындағы негізгі туристік бағыттардың бірінде заманауи жол бойы кешенін ашты. Ғимаратының ауданы бойынша бұл Қазақстандағы ең ірі жанармай құю станциясы.
Кешеннің жалпы аумағы екі гектарды құрайды, ал жобаны жүзеге асыруға шамамен 3 млрд теңге инвестиция салынды. Оның аумағында жанармай құю станциясы, шағын маркет, дәмхана мен демалыс аймағы, сондай-ақ автокөлік жүргізушілері мен туристерге қызмет көрсетуге арналған инфрақұрылым орналасқан.
Жаңа кешен Шарын шатқалына, Көлсай көлдеріне, Қайыңды көліне, Саты ауылына, Кеген даласына және Тянь-Шань тауының етегіне апаратын Алматы – Кеген бағытында орналасқан. Бұл жолмен жыл сайын Қазақстан тұрғындары, туристік топтар және шетелден келген саяхатшылар қатынайды. Станцияның ашылуы жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттырып, өңірге сапарды жайлы ете түсуге бағытталған.

Саяхатшыларға арналған заманауи сервис
Станцияда АИ-98 бензинін құюға арналғандарын қоса алғанда, 6 жанармай тарату колонкасы орнатылған. Келушілер үшін шағын маркет, дәмхана, дәретханалар, демалыс аймағы, жеңіл автокөліктер мен автобустарға арналған тұрақ, душ бөлмелері, намазхана және электрмобильдерді қуаттау инфрақұрылымы қарастырылған.

Туристік бағытқа ерекше көңіл бөлінген. Станция залында Алматы облысының туристік маршруттары көрсетілген карта мен ақпараттық киоск орналастырылған. Олар саяхатшыларға сапарын жоспарлап, қызықты бағыттарды таңдауға көмектеседі.
Compass автосаяхатшылардың OverlandKZ қауымдастығымен бірлесіп, станциядан басталатын күрделілік деңгейі әртүрлі 13 маршрут әзірледі. Қонақтар өздеріне қолайлы бағытты таңдап, навигаторда жол бағдарын құра алады және алдағы сапарға қажеттінің бәрін сатып ала алады.
Осылайша, кешен көлікке жанармай құятын орын ғана емес, Алматы облысының табиғи көрікті жерлерімен танысуға аттанатын саяхатшылар үшін қолайлы бастапқы нүктеге айналады.
Бизнесті қолдау және өңірді дамыту
Кешеннің ашылуы өңірдегі туристік бағыттарда заманауи жол бойы инфрақұрылымын дамытуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жеке инвестициялық бастаманы іске асырудың үлгісі болды.
Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов жобаны жүзеге асырған кәсіпкерлерге алғыс айтып, оның бәсекелестікті, қызмет көрсету саласын және жергілікті экономиканы дамытудағы маңызын атап өтті.
«Бизнес өкілдерінің мұндай бастамалары сапалы сервистің дамуына, бәсекелестіктің күшеюіне және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Алдағы уақытта кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және заманауи инфрақұрылым нысандарының санын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Бүгін ашылған „Compass Group“ кешені Алматы – Кеген бағытымен қатынайтын жолаушылар үшін сенімді аялдау орнына айналып, қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз», — деді Шыңғыс Әрінов.
Жоба аясында 80 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жұмысқа ең алдымен жергілікті тұрғындардың тартылуы халықты жұмыспен қамтуға және ауданда қосымша экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Заманауи жол бойы инфрақұрылымы туристік бизнестің дамуына да алғышарт жасайды. Саяхатшыларға қолайлы жағдай қалыптастыру олардың сапар ұзақтығын арттыруға, сондай-ақ қонақ үйлердің, гидтердің, дәмханалардың және жергілікті өндірушілердің қызметтері мен өнімдеріне сұранысты қолдауға ықпал етуі мүмкін.
«Мақсатымыз — жол бойындағы қызмет көрсету мәдениетін дамыту»
KazPetrol Group басқарма төрағасы Оразхан Қарсыбеков елдегі жол желісінің дамуы автокөлік жүргізушілері мен саяхатшыларға арналған сапалы инфрақұрылымның қалыптасуымен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда сапалы жолдар салынып жатыр. Сол жолдардың бойында адамдар аялдап, тынығып, кофе ішіп, тамақтана алатын заманауи сервистік орталықтар болуы керек. Біздің мақсатымыз тек бизнес жүргізу емес, жол бойындағы қызмет көрсету мәдениетін дамытуға негізделген. Compass он жылдан астам уақыттан бері Қазақстанның әр өңірінде, аймақтық тасжолдарда да, танымал туристік бағыттарда да осындай станциялар ашып келеді.
Біздің табиғатымыз өте көркем, ал жолдарымыз еліміздің келбеті. Compass-қа келген әрбір қонақтың сапалы қызмет алып, жылы жүзбен қарсы алынғанын қалаймыз. Өйткені бұл да Қазақстан туралы әсер қалыптастырады. Баршаңызды саяхаттап, еліміздің сұлулығын танып-білуге шақырамын», — деді Оразхан Қарсыбеков.
Қазақстандағы жайлылық пен туризм әлеуетіне салынған инвестиция
Жаңа кешеннің ашылуы он жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның түрлі тасжолдарында жол бойы инфрақұрылымын дамытып келе жатқан Compass желісінің кеңеюін жалғастырады. Компания жанармай құю станциясын жүргізушілер көлігіне жанармай құйып қана қоймай, тынығып, тамақтанып, алдағы жолға дайындалып, туристік бағыттар туралы ақпарат ала алатын көпфункциялы кеңістік ретінде дамытып келеді.
Алматы – Кеген бағытындағы жобаның жүзеге асуы инфрақұрылымға инвестиция салуды, жұмыс орындарын ашуды және саяхатшыларға арналған сервисті дамытуды біріктіреді. Кешен Алматы облысының табиғи көрікті жерлеріне сапарды жайлы етіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосуды көздейді.

Compass компаниясы туралы
Compass — Алматы мен Алматы облысында, Астанада, Ақтөбеде және Қызылордада жұмыс істейтін Қазақстандағы жанармай құю станцияларының желісі. Желінің операторы — Kusto Group құрамына кіретін «Новая АЗС» ЖШС.