Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту үшін фермерлерді ұзақмерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі артқанымен, шаруалардың болашақ жұмысын бірнеше жылға жоспарлауына мүмкіндік беретін тиімді қаржылық тетіктер әлі де қажет.

Президент 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар жеңілдетілген шарттармен берілетін қаржы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Алайда Мемлекет басшысының айтуынша, бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті шығындарды өтеуге және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр.

– Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын перспективалы жобалардың тізімін әзірлеген.

Мемлекет басшысы бұл жобаларды қолжетімді әрі жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз етіп, іске асыру жұмыстарын кідіріссіз бастау қажеттігін айтты.

– Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға да ерекше назар аударды. Оның пікірінше, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыру үшін заманауи техникаларды кеңінен пайдалану маңызды.

Осыған байланысты Президент елімізде шығарылатын жоғары сапалы тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту қажеттігін атап өтті.

– Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмалары фермерлердің ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге, тағам өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға және отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға бағытталған.