Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің энергетика саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Мемлекет басшысы электр энергиясының тапшылығы, көрші елдерден қуат сатып алу тәжірибесі және жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу мерзімдерінің бұзылып жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, қазіргі кезеңді «электр энергиясы дәуірі» деп атауға болады. Өйткені кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты.

– Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Ашығын айтқанда, бұл бағытта проблемалар жетіп артылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде кәсіби энергетиктердің аз екенін атап өтті. Оның сөзінше, энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен талқылаулар жиі ұйымдастырылғанымен, саладағы түйткілдер әлі де шешілмей келеді.

Президент Қазақстанның энергетика жүйесі жыл сайын елеулі электр энергиясы тапшылығына тап болатынын айтты. Әсіресе, қыс мезгілінде тұтыну көлемі артқан кезде көрші мемлекеттерден электр қуатын жоғары бағамен сатып алуға тура келеді.

– Сондықтан қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңдерде көршілес елдерден электр қуатын жоғары бағамен сатып алуға тура келеді. Ал жазда сол электр энергиясы кері бағытта, күрт төмендетілген бағамен қайтарылады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай тәжірибенің ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, бұл жағдайды энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе ретінде түсіндіруге тырысатындар бар.

Мемлекет басшысы энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу барысына да назар аударды. Атап айтқанда, кезінде Балқашта басталған жылу электр орталығының құрылысы тоқтатылғанын еске салды.

Сонымен қатар Президент Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатқанын мәлімдеді.

– Қазірдің өзінде Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мерзімдері де бұзылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету Қазақстанның экономикалық дамуы мен технологиялық ілгерілеуі үшін шешуші мәнге ие. Сондықтан энергетика саласындағы қалыптасқан мәселелер елдің ұзақмерзімді даму міндеттері тұрғысынан ерекше маңызға ие.