Тоқаев Ұлттық қор қаражатына 70-ке жуық медициналық нысан салынатынын айтты
Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты есебінен өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу және 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордың негізгі міндеті елдің қаржылық байлығын сақтау, оны ұлғайту және қазіргі әрі болашақ ұрпақтың игілігіне пайдалану екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Ұлттық қор көптеген жыл бойы Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Алайда елдің болашағын ойлау тек қаржы жинақтаумен шектелмеуі тиіс.
– Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы болашақ ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы және заманауи инфрақұрылымы бар мемлекет қалдыру маңызды екенін жеткізді.
Оның пікірінше, мемлекеттік инвестициялар адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға және әрбір адамның өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталуы қажет.
Сонымен қатар Президент Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс екенін атап өтті.
– Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық мүмкіндіктері жеткілікті және тәжірибесі бар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тартуды ұсынды.
Сондай-ақ барлық құрылыс жұмыстарының барысы қатаң бақылауға алынатынын айтты.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық медициналық нысан салынбақ.
Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларды оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар.
Бұдан бөлек, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы аталған нысандардың құрылысын жедел ұйымдастырып, оларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беру қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Ұлттық қор ресурстарын тиімді пайдалану халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға және елдің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.