Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел аумағында жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық бастамаға «Халықтық құрылыс» атауын беруді ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз етуге бағытталады.

Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінетінін атап өтті. Жоспар аясында көптеген елді мекенге табиғи газ бен таза ауызсу жеткізу көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін нақты инфрақұрылымдық жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы бұл тізім еліміздің барлық өңірін қамтуы қажет екенін айтты.

Президенттің пікірінше, ауқымды құрылыс бастамасы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

– Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа бағдарламаның Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналатынына сенім білдірді.

Оның айтуынша, бастама кәсіпкерліктің дамуына, ұлттық экономиканың жандануына және азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етуге тиіс.

– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарланған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туатынын атап өтті.

Президенттің сөзінше, бағдарламаның нәтижесі бүкіл халыққа, әсіресе, болашақ ұрпаққа қызмет етуі керек.

Мемлекет басшысы Үкіметке елдің барлық өңірін қамтитын инфрақұрылымдық жобаларды нақты жоспарлап, тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға басымдық беруді тапсырды.