Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Үкіметке ел аумағында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Президенттің айтуынша, бұл бастама өңірлердегі әлеуметтік нысандарды, көлік желілерін және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Жолдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне де тоқталды.

Мемлекет басшысы Халықаралық валюта қорының болжамына сүйене отырып, 2026 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі шамамен 400 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін айтты.

Оның жан басына шаққандағы көлемі 19 мың доллардан асып, Қазақстан экономикасының ауқымы бойынша әлемде 47-орынға көтеріледі деп болжанып отыр.

Президент өңдеу өнеркәсібінің де дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта аталған саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл көрсеткіш экономиканы әртараптандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Сонымен қатар еліміздің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан асқаны айтылды.

– Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа бастама аясында еліміздің барлық өңірінде аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Үкіметке Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаржылық мүмкіндіктерін пайдалануды тапсырды.

– Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жобаларды іске қосуға қажетті қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударды.

Оның тапсырмасына сәйкес, 2026 жыл мен 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Жоспарланған жұмыстар ел аумағындағы әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға, көлік байланыстарын дамытуға және инженерлік желілерді жаңартуға бағытталмақ.