Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің болашақ дамуына қатысты стратегиялық міндеттерді айқындады.

Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыздық пен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне сеніммен қадам басқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, елімізде кең ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Ендігі басты міндет – мемлекеттің егемендігін нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, экономикалық және технологиялық дамуды қамтамасыз ету.

– Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін қоғамның барлық мүшесі белсенді еңбек етуі қажет екенін айтты. Әсіресе, отаншыл, білімді және бастамашыл азаматтардың ел дамуына қосатын үлесі маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар Президент Құрылтай депутаттарына үлкен үміт артатынын білдіріп, қазіргі жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі буынның негізгі міндеті – келешек ұрпаққа нақты нәтижелерге қол жеткізген, экономикасы дамыған және халықаралық деңгейде ықпалды мемлекет қалдыру.

Президент болашақ Қазақстанның жоғары технологияларға, білім мен ғылымға негізделген, заң үстемдігі орныққан және жасампаз қоғамы бар ел болуы қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі ұрпақ жастарға тек жоспарлар мен тұжырымдамаларды емес, экономикалық әлеуеті жоғары, технологиялық тұрғыдан дамыған және егемендігі берік мемлекетті мұра етуге тиіс.

– Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елдің ұзақмерзімді дамуы үшін саяси тұрақтылықты сақтау, ұлттық бірлікті нығайту және барлық салада жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.