Семейде алғаш рет «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі ұйымдастырылды
Семей қаласында Республика күніне орай «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі өтті. Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылған мәдени іс-шара ұлттық қолөнерді дәріптеуге, дәстүрлі өнерді жаңғыртуға және шеберлердің шығармашылығын көпшілікке таныстыруға арналды.
Фестивальге Семей қаласы мен облыс аудандарынан келген қолөнер шеберлері, зергерлер, этнодизайнерлер және ұлттық киім тігетін мамандар қатысты. Сонымен қатар Астанадан арнайы шақырылған дизайнерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара аясында ұлттық ою-өрнектермен безендірілген бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қолдан тігілген киімдер, ағаш пен былғарыдан жасалған туындылар ұсынылды.

Келушілер көрмені тамашалап қана қоймай, арнайы ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысып, дәстүрлі қолөнердің жасалу тәсілдерімен танысты.
Ұлттық өнерді сақтау мен дамытуға ерекше назар аударылды
Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева фестивальдің ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызын атап өтті.
– Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қолөнердің қадірін арттыруға бағытталған. Көрмеге қойылған әрбір бұйымның артында шебердің маңдай тері, төзімі мен сүйіспеншілігі, сондай-ақ ұлтқа және мемлекетке деген құрметі жатыр, – деді Гүлнұр Ыдырышева.
Ол фестивальге қатысқан шеберлерге алғыс білдіріп, дәстүрлі өнерді келер ұрпаққа жеткізудің маңызын жеткізді.

Салтанатты іс-шара барысында қолөнер шеберлеріне Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлының алғыс хаттары табысталды. Марапаттарды Гүлнұр Ыдырышева тапсырды.
Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы» директорының міндетін атқарушы Самат Карибжанов фестивальдің өңірде алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, атадан балаға мұра болып қалған қолөнерімізді қайта жаңғырту. Фестивальге Семей қаласы мен аудандардан келген шеберлермен қатар, Астанадан арнайы шақырылған, халықаралық деңгейде танылған дизайнерлер қатысты. Олар жергілікті шеберлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті, – деді Самат Карибжанов.
Фестивальде ұлттық сән үлгілері көрсетілді
Мәдени бағдарламаның аясында «Бәйге» этно-фольклорлық ансамблі ұлттық күйлер орындап, домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.
Көрермендер халық әндерін тыңдап, «Тұмар» бишілер ансамблінің батырлар биін тамашалады.
Сондай-ақ Астанадан келген «Zeken-MoDa» сән студиясы этно-fashion көрсетілімін ұсынып, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.
«ABAI ШЕБЕР FEST» фестивалі дәстүрлі қолөнер мен заманауи дизайнды ұштастырып, жергілікті шеберлердің кәсіби байланыстарын нығайтуға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени бастамалар ұлттық өнерді жаңғыртуға, қазақ халқының қолөнер мұрасын сақтауға және оны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағытталған.