Алматыда әйелдер көшбасшылығын дамытуға, заманауи технологияларды ілгерілетуге және жасанды интеллектінің қоғам мен бизнеске ықпалын талқылауға арналған BeWoman Asia форумы өтті.

Фото: Gov.kz

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Фото: Gov.kz

Халықаралық алаңға кәсіпкерлер, басшылар, технология саласының мамандары, ғалымдар және түрлі саланың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин форум қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Оның мәтінін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов оқып берді.

Фото: Gov.kz

Құттықтауда әйелдердің Қазақстанның дамуына қосып отырған үлесі, жаңа бастамаларды жүзеге асырудағы және инновациялық шешімдерді енгізудегі еңбегі атап өтілді.

– Елімізде жасалып жатқан ауқымды жұмысқа әйелдер қауымы өлшеусіз үлес қосып, бірегей бастамаларды табысты жүзеге асырып келеді. Қазір әлем елдері аса күрделі әрі сын-қатерлерге толы кезеңді бастан өткеріп жатыр. Озық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары әлемнің тұрпатын біржола өзгертуде.

Ерлан Қарин технологиялық өзгерістер жағдайында заман талабына жылдам бейімделіп, бірлесе әрекет етудің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ құттықтауда Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға назар аударылды.

Вице-президент жаңа Конституцияда адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітілгенін жеткізді.

Биыл BeWoman Asia форумы «Этикалық күш» тақырыбында ұйымдастырылды.

Фото: Gov.kz

Қатысушылар жасанды интеллектінің шешім қабылдау үдерістеріне әсерін, жаңа технологиялардың бизнес жүргізу тәсілдерін өзгертуін және оларды қолдану кезіндегі жауапкершілік мәселелерін талқылады.

Форум барысында технологиялық жетістіктерді қоғам игілігіне пайдалану және жасанды интеллектіні енгізу кезінде этикалық қағидаттарды сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Фото: Gov.kz

Сонымен қатар қатысушылар технологиялық трансформация кезеңіндегі әйелдердің рөлі мен көшбасшылық мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

BeWoman Asia форумы түрлі сала мамандарының тәжірибе бөлісуіне, кәсіби байланыстарын кеңейтуіне және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану жөніндегі ортақ ұстанымдарды талқылауына мүмкіндік берді.

Фото: Gov.kz