Тоқаев COP17 саммитінде биоалуантүрлілікті қорғаудың халықаралық қорын құруды ұсынды
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның Ереван қаласында өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеп, табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар халықаралық бастама көтерді.
Мемлекет басшысы саммитті ұйымдастырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс білдірді.
Президент табиғи экожүйелерді сақтау, шөлейттену мен су тапшылығына қарсы күресу және сирек кездесетін жануарларды қорғау халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, экологиялық проблемалар мемлекеттердің шекарасымен шектелмейді. Сондықтан табиғатты қорғау саласында өзара сенімге, тең серіктестікке және нақты нәтижелерге негізделген халықаралық ынтымақтастық қажет.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына ерекше назар аударылды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Президент жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілігін сақтау маңызды екенін айтты.
Оның сөзінше, еліміздің жаңа Конституциясында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген.
Сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының қатарына енгізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы қарапайым тазалық шарасынан ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстандағы киік саны 4,7 миллионға жетті
Мемлекет басшысы еліміздің сирек кездесетін жануарларды қорғау және олардың санын қалпына келтіру бағытындағы нәтижелеріне тоқталды.
Президент келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде киіктің әлемдік популяциясының шамамен 98 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді.
2003 жылы еліміздегі киік саны небәрі 21 мың бас болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жеткен.
Қар барысын сақтау жұмыстары да жалғасып жатыр. Президенттің айтуынша, ілбіс мекендейтін аумақтың шамамен 70 пайызы еліміздегі қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жойылып кету қаупіне ұшыраған қар барысының саны жүйелі қорғау және ғылыми мониторинг нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейген.
Мемлекет басшысы Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жобасына да тоқталды.
Ол аталған бастаманы қолдағаны үшін Ресейге, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге алғыс білдірді.
Президенттің мәліметінше, биыл шілдеде жетпіс жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғи ортаға жіберілген.
Сонымен қатар Қазақстан чех, неміс және мажар серіктестерімен бірлесіп, Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Президент Каспий итбалығын қорғауға шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау халықаралық деңгейде үйлестірілген шараларды қажет ететінін айтты.
Оның сөзінше, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған.
Қазақстанда бұл жануар сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген түрлердің қатарына ресми түрде енгізілген.
– Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұған дейін Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде де теңіз экожүйесін қорғау үшін шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдау қажеттігін көтергенін еске салды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Қазақстан сирек түрлерді қорғаудың халықаралық қорын құруды ұсынды
Саммит барысында Президент Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру бастамасына тоқталды.
Ол шетелдік серіктестерді осы жобаға қатысуға шақырды.
Он жылға есептелген бастаманы Қазақстанның Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарламасы толықтырмақ.
Бағдарлама табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, жануарлар мен өсімдіктер түрлерін қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін кеңейтуді көздейді.
Сонымен қатар Қазақстанда Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құру жұмыстары басталған.
Президент биыл сәуір айында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит нәтижесінде Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ Каспий маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен теңіздің су ресурстарын сақтауға арналған халықаралық бағдарлама қабылдау бастамасы көтерілген.
Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін нығайту мәселесіне де назар аударды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Ол Қазақстанның БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын еске салып, бастаманың өзен-көлдер мен сулы-батпақты аумақтарға тәуелді табиғи экожүйелерді қорғауға бағытталғанын жеткізді.
Alem.AI орталығын экологиялық зерттеулерге пайдалану ұсынылды
Қасым-Жомарт Тоқаев биоалуантүрлілікті қорғауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға шақырды.
Президенттің пікірінше, заманауи технологиялар экожүйелердің жай-күйін бақылау, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіптерді болжау тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, биоалуантүрлілік туралы деректерді талдауға, ерте ескерту жүйелерін әзірлеуге және мамандар даярлауға арналған платформа ретінде пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ Президент Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыру бастамасын көтерді.
Оның айтуынша, мұндай кеңсе Орталық Азия мемлекеттеріне Куньмин-Монреаль жаһандық биоалуантүрлілік негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды дамытуға көмектесе алады.
COP17 аясындағы көшбасшылар саммитінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz