Астанада Түркі мемлекеттері ақпараттық қауіпсіздік пен дипфейкке қарсы күресті талқылады
Фото: Gov.kz
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының VIII отырысы өтті.
Жиында ақпараттық ынтымақтастықты нығайту, жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалы және жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Отырысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Медиаконтент дайындау орталығының директоры Кобулжон Ахмедов қатысты.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Сондай-ақ Түркия Президентінің Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салкын Сарногоева және Әзербайжанның БАҚ және хабар тарату кеңесі Халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров қатысты.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Кездесу барысында Қанат Ысқақов цифрлық технологиялардың ақпарат кеңістігіне әсеріне тоқталып, медиа саласында пайда болған жаңа сын-қатерлерге назар аударды.
– Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы медиа саласын, ақпарат тарату тәсілдерін және аудиториямен байланыс орнату жолдарын түбегейлі өзгертуде, – деді бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, жасанды интеллект ақпарат таратуда жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, жалған контент жасауға байланысты қауіптерді де күшейтіп отыр.

Фото: Gov.kz
Қазіргі технологиялар шынайы бейнежазбалардан, фотосуреттерден және аудиоматериалдардан ажырату қиын болатын жасанды контентті аз шығынмен дайындауға мүмкіндік береді.
Мұндай жағдайда жалған ақпараттың таралуы ғана емес, сенімді ақпарат көздеріне деген қоғамдық сенімнің төмендеуі де өзекті мәселеге айналуда.
Осыған байланысты қатысушылар дипфейктерді анықтау, ақпараттың шынайылығын жедел тексеру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін талқылады.

Фото: Gov.kz
Сондай-ақ түркі мемлекеттерінің ұлттық ақпарат агенттіктері арасындағы байланысты нығайту және журналистердің жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
ТМҰ-ға мүше елдердің ақпарат саласына жауапты өкілдерінің VIII отырысы Astana Media Week халықаралық медиафорумы аясында ұйымдастырылды.
Аталған форум жыл сайын медиа саласының мамандарын, мемлекеттік органдар өкілдерін және түрлі бағыттағы сарапшыларды біріктіреді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ коммюникеге қол қойды.
Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ақпарат саласына жауапты өкілдерінің келесі, IX отырысын Қырғызстан астанасы Бішкекте өткізу туралы шешім қабылданды.

Фото: Gov.kz