Қазақстан минералдар секторына 20 млрд доллар инвестиция тартуды көздейтін жаһандық бастамаға қосылды
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды.
Еліміздің бастамаға ресми түрде қосылу рәсімі 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан атынан іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.
Мемлекет басшысының тау-кен металлургия кешенін дамыту және экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны әзірледі.
Құжат 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды.
Ол Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.
Стратегия Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023–2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024–2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделген.
Бастаманың негізгі мақсаттарының бірі – 2031 жылға дейін шамамен 20 млрд доллар инвестиция тартуға жәрдемдесу.
Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға бағыттау көзделген.
Compact бағдарламасы ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды.
Бірінші бағыт тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіруге арналған.
Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашық әрі болжамды бизнес ортасын қалыптастыруға және халықаралық экологиялық әрі әлеуметтік стандарттарды енгізуге жағдай жасауға бағытталған.
Екінші бағыт геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамытуға негізделген.
Атап айтқанда, геологиялық деректерді цифрландыру, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын жетілдіру, металдарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау жоспарланған.
Үшінші бағыт минералдық шикізатты өндіру мен терең өңдеуге жеке инвестициялар тартуды көздейді.
Бұл мақсатта Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалану, инвестициялық жобаларды қолдау және қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарды дамыту қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа бастаманың ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.
– Қазақстан минералдық-шикізат секторын жауапкершілікпен тұрақты дамыту қағидаттарын ұстанады. Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық шикізат өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту жөніндегі ұлттық басымдықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және табиғи ресурстық әлеуетті тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін халықаралық серіктестікті нығайтуға мүдделі.
Metals and Minerals Compact бастамасы аясындағы ынтымақтастық шикізатты терең өңдеуді кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі орнын нығайтуға бағытталған.