Оралда мұнай-газ компаниялары отандық өндірушілермен 320 млрд теңгеге жуық келісімшарт жасасты
Фото: Gov.kz
Орал қаласында өткен Мұнай-газ машина жасау форумы аясында ірі мұнай-газ операторлары мен қазақстандық тауар өндірушілер арасында жалпы сомасы 320 млрд теңгеге жуық келісімшарттарға қол қойылды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту халықаралық орталығы (IMBC) ұйымдастырды.
Форум аясында ірі операторлардың ашық есік күні де өтті.
Жиынға Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, мемлекеттік органдардың, ТШО, NCOC, КПО, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық өндірісті дамыту және мұнай-газ саласындағы сатып алуларда қазақстандық өнімнің үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, саладағы жалпы сатып алу көлемінің шамамен 70 пайызы үш ірі операторға – ТШО, NCOC және КПО компанияларына тиесілі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған компаниялардың тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі шамамен 4 пайызға өсіп, 2,8 трлн теңгеге жеткен.
Бұл ретте қазақстандық қамту үлесі 56 пайызды немесе 1,6 трлн теңгені құрады.
Вице-министр отандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейту негізгі міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Осы мақсатта қазақстандық қамтуды дамытудың бесжылдық бағдарламалары іске асырылып жатыр.
Бағдарламалар отандық өнімді сатып алу көлемін ұлғайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және өндірісті жергіліктендіруге бағытталған.
Форум барысында қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері ұсынылған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Онда ірі мұнай-газ операторлары жабдықтар мен материалдарға қатысты ұзақмерзімді қажеттіліктерін таныстырды.
Қатысушылар техникалық талаптарды, сатып алу шарттарын және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мүмкіндіктерін тікелей талқылады.
Ерлан Акбаров Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту халықаралық орталығының отандық өнеркәсіпті қолдаудағы рөліне де тоқталды.
Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде IMBC ірі мұнай-газ операторлары мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтып, өндірісті жергіліктендіруге ықпал еткен.
Форумның негізгі нәтижелерінің бірі – жалпы құны 320 млрд теңгеге жуық келісімшарттарға қол қойылуы.

Фото: Gov.kz
Құжаттар мұнай-газ саласындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және сатып алулардағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар отандық тауар өндірушілермен алдағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі меморандумдар жасалды.
Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі жергілікті қамтуды дамыту жұмыстарын жалғастыру және бекітілген бесжылдық бағдарлама аясында Теңіз жобасындағы тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің қазақстандық үлесін арттыру бойынша ынтымақтастық меморандумын жасасты.
Форумда қабылданған келісімдер отандық машина жасау кәсіпорындарының мұнай-газ секторындағы ірі жобаларға қатысуын кеңейтуге және Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіптік өнімге сұранысты арттыруға бағытталған.