Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академиялары Дала өркениетін бірлесіп зерттеуге арналған халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойды.

Көпжақты келісім 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағы (UNASTW) Бас ассамблеясының тоғызыншы отырысында жасалды.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық жиын ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және ортақ тарихи-мәдени мұраны зерделеуге арналды.

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен құрылған консорциум алты мемлекеттің ғылыми әлеуетін, тарихи дереккөздерін және зерттеу инфрақұрылымын біріктіруді көздейді.

Негізгі мақсат – Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кешенді зерттеу.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми ынтымақтастықты нақты бағдарламалар мен ұзақмерзімді жобалар арқылы дамыту қажеттігін атап өтті.

– Біздің негізгі ұстанымымыз – академиялар арасындағы байланысты бірлескен бағдарламаларға, ортақ зерттеу инфрақұрылымына және жас ғалымдар үшін тұрақты мүмкіндіктерге айналдыру.

Консорциум аясында Дала өркениетінің Еуразия тарихындағы орны жаңа ғылыми деректер мен пәнаралық зерттеу әдістері негізінде зерделенеді.

Зерттеу бағыттары Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын, мемлекеттілік және құқықтық дәстүрлерді, тарихи дипломатияны, Ұлы Жібек жолы байланыстарын және мәдени сабақтастық мәселелерін қамтиды.

Сонымен қатар алты елдің ғалымдары бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Жоба шеңберінде Дала өркениетінің цифрлық архивін, тарихи деректер корпусын және интерактивті тарихи-картографиялық атласын әзірлеу көзделген.

Бұдан бөлек, тарихи қолжазбаларды цифрландыру, ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект пен геоақпараттық технологияларды пайдалану және академиялық басылымдар дайындау жоспарланған.

Халықаралық консорциум жас ғалымдардың бірлескен зерттеулерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге де басымдық береді.

Ынтымақтастықты жүйелі дамыту мақсатында 2027–2031 жылдарға арналған ортақ ғылыми ынтымақтастық Жол картасын әзірлеу ұсынылды.

Құжатта тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу, пәнаралық зерттеулер жүргізу, бірлескен ғылыми инфрақұрылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау бағыттары қамтылмақ.

Алты ел арасындағы келісім Дала өркениетін, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеу саласында ұзақмерзімді халықаралық ғылыми әріптестік орнатуға бағытталған.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аясында қолға алынған бастама Орталық Еуразияның әлемдік өркениетке қосқан үлесін халықаралық академиялық кеңістікте кеңінен танытуға мүмкіндік береді.