Қазақстанда азаматтарды профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуге шақыратын және жүргізілген екпелер туралы ақпарат беретін жаңа цифрлық сервистер іске қосылады.

19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында скринингтен өту қажеттігі туралы SMS-хабарламалар жіберудің пилоттық жобасы басталады.

Ескертулер азаматтарға 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жолданады.

Жүйе профилактикалық тексеруден өтуі қажет тұрғындарды автоматты түрде анықтайды.

Скрининг алты бағытты қамтиды. Олардың қатарында жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылыстарын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға арналған тексерулер бар.

SMS-хабарлама алған азамат өзі тіркелген емханаға барып, қажетті медициналық тексеруден өте алады.

26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинация туралы хабарламалар жіберу жоспарланып отыр.

Екпе медициналық ақпараттық жүйеге тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген SMS келеді.

Егер хабарламадағы ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап жолдап, қате мәлімет туралы хабарлай алады.

Мұндай ақпарат тексеру жүргізу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.

Фото: Gov.kz

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтіп жатыр.

2026 жылғы 7 қазандағы мәлімет бойынша тіркелген 135,9 млн медициналық қабылдаудың 73 пайызы цифрлық сәйкестендіруден өткен.

Қазіргі уақытта бұл жүйе медициналық қызметтердің 1 278 түрін қамтиды.

Ал 1 желтоқсаннан бастап тізімді консультациялар, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралардың тағы 736 түрімен толықтыру жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа цифрлық сервистер профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ бұл шаралар денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың ашықтығын күшейтуге мүмкіндік береді.