Астанада тәулігіне 210 мың текше метр су беретін жаңа станция салынып жатыр
Фото: Gov.kz
Астанада халық саны мен су тұтыну көлемінің өсуіне байланысты сумен жабдықтау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елордада жаңа сорғы-сүзгі станцияларын салу және магистральдық су құбырларын жаңғырту жоспарланған.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, елордада жылумен және электрмен жабдықтау, кәріз, нөсер суын ағызу және сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
2024 жылы Астанада тәуліктік су тұтыну көлемі 340 мың текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 380 мың текше метрге жеткен.
Суға деген сұраныстың артуына байланысты қалада бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін елордада тәулігіне 105 мың текше метр су өңдеуге қауқарлы үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) салынып, пайдалануға берілген.

Фото: Gov.kz
Келесі жылы аталған станцияны кеңейту жобасын бастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде оның қуаты тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге артады.
Сонымен қатар Телман сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту жұмыстары жалғасуда.

Фото: Gov.kz
Жоба бойынша жалпы ұзындығы 13,2 шақырым болатын су құбырының 10,5 шақырымы төселген.
Жаңа құбыр арқылы су дайындау станцияларына тәулігіне 50 мың текше метр бастапқы су жеткізу көзделген.
Елордадағы маңызды жобалардың тағы бірі – төртінші сорғы-сүзгі станциясының (ССС-4) құрылысы.

Фото: Gov.kz
Жоспарға сәйкес, Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін құбыр тартылып, тәулігіне 210 мың текше метр су өңдеуге арналған жаңа станция салынады.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, алдағы жылдары сумен жабдықтаудың магистральдық желілерін дамыту бойынша 20-ға жуық жобаны іске асыру қажет.
– Бұл жобалар елорданың ары қарай дамуы мен су тұтыну көлемінің өсетінін ескере отырып, қаланы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етеді, – деп жазды қала әкімі.
Жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар Астананың су жүйесінің қуатын арттыруға, өсіп келе жатқан сұранысты өтеуге және тұрғындарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған.