Астанада қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында төрт робот-ит қолданысқа енгізілді.

Қазіргі уақытта роботтандырылған құрылғылар адам көп жиналатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда пайдаланылып жатыр.

Фото: Gov.kz

Олар полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылауға және ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға көмектеседі.

Робот-иттер жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнекамералар арқылы айналадағы жағдайды бақылайды.

Жиналған бейнеақпарат нақты уақыт режимінде полицияның Жедел басқару орталығына тікелей беріледі.

Бұл тәртіп сақшыларына қоғамдық орындардағы ахуалды жедел бағалап, қажет болған жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Фото: Gov.kz

Жаңа технологияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесетін функциясы.

Робот-иттерге біріктірілген жасанды интеллект жүйесі бейнекамера арқылы адамдардың бет-әлпетін сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Егер жүйе іздеуде жүрген адаммен сәйкестік анықтаса, Жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі.

Фото: Gov.kz

Осылайша, полиция қызметкерлері алынған ақпаратқа сүйеніп, жағдайға жедел әрекет ете алады.

Роботтандырылған құрылғыларды пайдалану қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын цифрландыруға және полицияның бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жаңа технология ықтимал қауіптердің алдын алуға, құқық бұзушылықтарға уақытылы әрекет етуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.