Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасындағы инвестициялық серіктестікті кеңейтуге шақырды
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы жиында Король Филипп пен Патшайым Матильдаға ілтипат білдіріп, мәртебелі меймандардың іс-шараға қатысуы екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айтты.
Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам қаржы құйған.
Президенттің айтуынша, елімізде агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар және энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты бельгиялық компаниялар бар.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда көлемі де өсіп келе жатқанын атап өтті.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға артқан.
– Қазақстан Бельгияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге Король Филипптің айрықша үлес қосқанын айтты.
Президент Король Филипптің 16 жыл бұрын Қазақстанға сауда миссиясын бастап келгенін еске салып, бұл қадам екі елдің іскер топтары арасындағы ұзақмерзімді ықпалдастыққа негіз қалағанын атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-логистика Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын негізгі бағыттардың бірі саналады.
Президент Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, сондай-ақ Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйып жатқанын мәлімдеді.
– Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенім білдірді.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты.
Президент AlemAi және Alatau City сияқты ірі бастамаларды жедел іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласындағы әлеуетін ескере отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Президент энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективасына да тоқталды.
Оның айтуынша, Қазақстан еуропалық нарыққа тұрақты түрде мұнай жеткізеді.
Сонымен қатар жаңартылатын қуат көздері, энергия тиімділігі, өнеркәсіпті декарбонизациялау және сутегі өндірісі салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы Бельгия компанияларын шикізатты терең өңдеу, химия өнеркәсібі және қосылған құны жоғары полимер өнімдерін шығару бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев жасыл энергетикаға көшу және цифрлық экономиканы дамыту аса маңызды минералдар саласындағы өндірістік кооперацияға жол ашатынын айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстан Еуропа өнеркәсібі үшін қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді.
Сондай-ақ еліміз Бельгияға титан мен молибден өнімдерін тасымалдайды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ресурс әлеуетін Бельгияның инвестициясы, технологиясы және білім-білігімен ұштастыра отырып, стратегиялық серіктестік құруға болатынын атап өтті.
Президент John Cockerill және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестікті жолға қоймақ екенін айтты.
Сондай-ақ бельгиялық әріптестердің геологиялық барлау, шикізат және металл өңдеу жобаларына қатысуын құптайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнімділікті арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға баса мән беретінін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы медицина мен фармацевтика салаларындағы серіктестікті нығайтудың маңызына назар аударды.
Президент IBA компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттыратынын атап өтті.
Оның айтуынша, мамандарды даярлау және клиникалық зерттеулер жүргізу бойынша бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері жөніндегі құзыретті күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Бельгияның фармацевтикалық компанияларын Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырды.

Фото: akorda.kz
Сондай-ақ Президент Қазақстан озық ойлы әрі іскер мамандарды тартуға мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай тұлғалардың елге келуі адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, кәсіби байланысты жандандыратынын атап өтті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы инвестициялық климатты жақсарту, заңнаманы жетілдіру, адал бәсекені қорғау және инвесторлармен тікелей диалог жүргізу бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан шетелдік, соның ішінде Бельгия компанияларына қолайлы әрі ашық іскерлік климат қалыптастыруға күш салып келеді.

Фото: akorda.kz
Король Филипп өз сөзінде Брюссельде және Астанада Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қажетті алғышарттардың барлығы бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Бельгия Еуропалық одақтың ортасында орналасқандықтан, Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ бұл ел технология, инновация, таза энергетика, логистика және халықаралық сауда саласында елеулі тәжірибеге ие.
Король Филипп Қазақстанды еуразиялық кеңістіктегі маңызды аумақ деп атап, елдің географиялық орналасуы мен табиғи ресурстары ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз болатынын айтты.
Бельгиялықтар Королі екі елдің бизнес өкілдерін энергетика, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, қаржы және туризм сияқты перспективті салаларда өзара ықпалдастықты жандандыруға шақырды.
– Бельгия мен Қазақстанның арасы географиялық жағынан алшақ болғанымен, мақсат-мұраттарымыз, амал-әрекеттеріміз және табандылығымыз тұрғысынан өте жақын елдерміз.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz