Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Қазақтелеком» АҚ, Баладжи Шринивасанның Network School жобасы, сондай-ақ Шервин Пишевардың Sofreh Capital, Edison және Alpha компаниялары қатысады.

Меморандум Қазақстанда есептеу қуаттарын, халықаралық капиталды, инженерлік құзыреттер мен өнеркәсіптік базаны біріктіретін технологиялық экожүйе қалыптастыруды көздейді.

Серіктестіктің мақсаты – қазақстандық және халықаралық командаларға технологиялар әзірлеуге, өндіріс іске қосуға және жаһандық нарыққа бағытталған компаниялар құруға жағдай жасау.

Меморандумға қол қою алдында Шервин Пишевар AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында мәлімдеме жасады.

THE NEW ECONOMY: POWERED BY AI сессиясында сөз сөйлеген инвестор Қазақстанда кеңселер ашып, компаниясын осында көшіру және елдің дамуына инвестиция салу ниеті туралы айтты.

Ол Қазақстанның артықшылықтары ретінде инженерлік кадрларды, инновацияларға мемлекеттік қолдауды, өнеркәсіптік және ресурстық базаны атап өтті.

Сондай-ақ Higgsfield жетістігін Қазақстанның технологиялық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуының мысалы ретінде келтірді.

Серіктестік Қазақстанның Network School жобасымен басталған ынтымақтастығын жалғастырады.

Баладжи Шринивасанның Network School жобасы Қазақстанда жұмысын бастады. Бастаманың іске қосылуымен бірге елге оның командасы мен халықаралық технологиялық қауымдастықтың 240-тан астам өкілі келді.

Меморандумның негізгі инфрақұрылымдық бағыты – Digital Silk Road жобасы.

Шервин Пишевар негізін қалаған Sofreh Capital инвестициялық холдингі Digital Silk Road бірлескен кәсіпорнының негізін қалаушы серіктестерінің бірі болады.

Министрлікпен және қазақстандық серіктестермен бірлесіп Sofreh Capital жобаны құрылымдау, халықаралық капитал мен технологиялық серіктестерді тарту бойынша жетекші рөл атқарады.

Сондай-ақ компания Digital Silk Road жобасын дата-орталықтарды, ғарыштық есептеу инфрақұрылымын, спутниктер мен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін жасанды интеллект инфрақұрылымы саласындағы интеграцияланған компания ретінде дамытуға ықпал етеді.

Меморандум Қазақстанда жаңа технологиялық салаларды дамытуға және іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды бірыңғай экожүйеге біріктіруге негіз қалыптастырады.

Бұл бағыттар есептеу қуаттары мен дата-орталықтарды, телекоммуникациялық және ғарыштық инфрақұрылымды, робототехника мен Physical AI-ды, жаңа энергетикалық шешімдерді, стратегиялық маңызды материалдарды және халықаралық технологиялық капиталды тартуды қамтиды.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанның технологиялық державалардың біріне айналуы үшін қажетті ресурстары, құзыреттері және ауқымды жобалары бар.

Министр Мемлекет басшысы жаңа экономиканы дамытуды жалпыұлттық басымдық ретінде айқындағанын атап өтті.

Фото: Gov.kz

Оның сөзінше, Қазақстан «Дата-орталықтар алқабы», Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі сияқты ірі жобаларды ілгерілетіп, ғарыш саласын дамытып, жаңа технологиялық өндірістерге негіз қалыптастырып жатыр.

– Негізгі бағыттардың бірі – ЖИ-токендер экономикасы. Бұл модельде біздің энергетикалық ресурстарымыз есептеу қуатына, ал есептеу қуаты әлемдік нарыққа арналған жасанды интеллект қызметтеріне айналады.

Жаслан Мәдиев Қазақстан ЖИ-токендерді болашақтағы «интеллектке қол жеткізу валютасы» ретінде қарастыратынын айтты.

Оның пікірінше, ел энергетикалық әлеуеті негізінде жоғары қосылған құн қалыптастырып, жаңа цифрлық ресурстың ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы бола алады.

Министр тағы бір стратегиялық бағыт ретінде Physical AI-ды атады.

Бұл бағыт нақты әлемде роботтарды, жабдықтар мен автономды жүйелерді басқаратын жасанды интеллектіні дамытуға негізделген.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және басқа да өндірістер Қазақстанға өнеркәсіптік деректер мен нақты өндірістік алаңдар арқылы бәсекелік артықшылық береді.

Олардың негізінде жетекші технологиялық компаниялармен бірлесіп, салалық ЖИ-модельдерін жасап, бұл шешімдерді жаһандық нарыққа шығаруға болады.

Министр ғарыш технологиялары, коммерциялық ұшырулар, жартылай өткізгіштер мен батареяларға арналған критикалық минералдарды өңдеу, криптоиндустрия, пилотсыз көлік және төмен биіктіктер экономикасы бағыттарында да жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтты.

Алатау қаласы мен IT-таланттардың халықаралық экожүйесі кәсіпкерлерді, инженерлер мен капиталды тартатын орталықтарға айналуы тиіс.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, осы бағыттарды біріктіре отырып, Қазақстан Digital Silk Road – «Цифрлық Жібек жолын» қалыптастыра алады.

Бұл бастама арқылы Қазақстан әлемдік нарықтарға есептеу қуатын, технологиялар мен интеллектуалдық өнімдерді ұсынуға ниетті.

– Біздің мақсатымыз – осы негізде капиталдандыру көлемі 100 млрд доллардан асатын, Қазақстанның технологиялық позициясын нығайтып, елдің ұзақ мерзімді әл-ауқатының жаңа көздерін қалыптастыратын жаһандық бизнес құру.

Қазақстанның өнеркәсіптік базасы елді осындай технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және масштабтау алаңы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында пилоттық жобаларды, сынақ алаңдарын, роботтарды құрастыру және компоненттер өндіру мүмкіндіктерін пысықтау көзделеді.

Басқа перспективалы бағыттардың қатарында ғарыш технологиялары, шағын ядролық энергетика, кванттық есептеулер және жаңа материалдар бар.

Серіктестіктің қаржылық бағыты Қазақстанда жұмыс істейтін немесе өз бизнесін осында орналастыратын компанияларға инвестиция салу үшін АХҚО юрисдикциясында венчурлық қор құру мүмкіндігін пысықтауды көздейді.

Ұлттық даму институттарының ықтимал қатысуын олар белгіленген рәсімдерге сәйкес дербес айқындайды.

Сонымен қатар Edison-ды қоса алғанда, венчурлық студиялар және жаңа компанияларды іске қосу мен дамыту үшін Alpha платформасының қазақстандық бөлімшесін құру жоспарланып отыр.

АХҚО өкілдерінің айтуынша, Қазақстан халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторлардың елде ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруына жағдай жасауға мүдделі.

– АХҚО бұл үшін қажетті құқықтық және қаржылық инфрақұрылымды ұсынады. Біздің міндетіміз – халықаралық капитал мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері арасындағы байланыстырушы буынға айналу.

Ынтымақтастықтың бұл бөлігінде «Қазақтелеком» АҚ маңызды рөл атқарады.

Компания Қазақстанның магистральдық талшықты-оптикалық инфрақұрылымы мен дата-орталықтар желісіне иелік етеді және оларды басқарады.

Сондай-ақ қазақстандық тараптан Digital Silk Way аясындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысына қатысады.

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин компанияның дата-орталықтар алқабын және жасанды интеллект инфрақұрылымын құрып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, «Қазақтелекомның» Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін қоса алғанда, кең ауқымды байланыс инфрақұрылымы бар.

– Егер осының бәрін бір жүйеге біріктіріп, ауқымды венчурлық инвестициялар мен мықты технологиялық сараптаманы тартсақ, болашақтың мүлде жаңа көрінісі қалыптасуы мүмкін.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – ЖИ-индустриясы мен озық технологиялар үшін сенімді жеткізу тізбектерін дамыту.

Тараптар автоматтандыру, робототехника және Physical AI, ғарыш саласы, кванттық есептеулер, энергетика және критикалық материалдар секторына инвестиция тартуға ықпал етуді көздейді.

Жаңа бағыттарға мамандар даярлау Network School қатысуымен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Бұл тәсіл технологиялық компанияларға қажетті практикалық құзыреттерге, қазақстандық университеттермен және зерттеу ұйымдарымен өзара іс-қимылға, сондай-ақ әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдауға негізделеді.

Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан Шервин Пишевардың Uber, Airbnb, Slack, Instacart және DoorDash сияқты компанияларға инвестиция салғанын атап өтті.

Фото: Gov.kz

Оның айтуынша, Шервин Пишевар Digital Silk Road бірлескен кәсіпорнын және Орталық Азиядағы басқа да компанияларды дамытуға қолдау көрсету үшін Қазақстанда Sofreh Capital компаниясын құрып жатыр.

– Біз онымен және Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, қажетті мамандарды Қазақстаннан және әлемнің басқа елдерінен тартуға және даярлауға атсалысамыз.

Ынтымақтастық аясында серіктестер кәсіпкерлерге компанияларды тікелей Қазақстанда іске қосуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруды да жоспарлап отыр.

Шервин Пишевар Баладжи Шринивасанмен бірлесіп, елге 10 мыңға дейін жаңа кәсіпкер тартуға және оларға компания құру үшін қажетті инфрақұрылым ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді.

Пишевардың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллект дәуірінің көшбасшыларының біріне айналу үшін қажетті адами капитал, білімді кадрлар, табиғи ресурстар және жаһандық жобаларды дамытуға мүмкіндік беретін амбиция бар.

Ол Digital Silk Road жобасы жасанды интеллект үшін есептеу қуатын, энергетикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды біріктіретінін айтты.

Жоба дата-орталықтарды, ғарыштық дата-орталықтарды, спутниктер мен Транскаспий талшықты-оптикалық желісін байланыстыратын Еуразиядағы жетекші ЖИ-инфрақұрылымдық компания құруға бағытталған.

Шервин Пишевардың сөзінше, Қазақстанда автоматтандыру, робототехника, Physical Intelligence, атом энергетикасы, ғарыш, кванттық есептеулер және стратегиялық маңызды материалдар сияқты бағыттарда озық технологияларды дамыту көзделеді.

Сондай-ақ қазақстандық венчурлық қор мен венчурлық студияларды іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл жаһандық компаниялардың Қазақстанда құрылып, дамуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Қол қойылғаннан кейін 100 күн ішінде тараптар ынтымақтастықты іске асыру жоспарын келісуді көздеп отыр.

Меморандум рамалық сипатқа ие. Нақты жобалар, инвестиция көлемі және тараптардың қатысу шарттары жеке келісімдер арқылы айқындалады.