Антальяда Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ғарыш өнеркәсібіндегі ынтымақтастық әлеуетін дамыту туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Фото: Gov.kz

Құжат Түркияда 5-9 қазан аралығында өтіп жатқан 77-ші Халықаралық астронавтика конгресі – IAC 2026 аясында қабылданды.

Келісім ғарыш технологиялары, спутниктер әзірлеу, ғылыми зерттеулер, өндірістік кооперация және мамандар даярлау салаларындағы жүйелі өзара іс-қимылға негіз қалыптастырады.

Қазақстан үшін бұл құжат бірлескен ғарыш бастамаларына қатысуды кеңейтуге, ТМҰ елдерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғылыми-технологиялық және өндірістік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев келісімге қол қойылуын құптады.

Оның айтуынша, құжат Ұйымның түркі әлеміндегі ғылыми, технологиялық және өндірістік ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін көрсетеді.

Фото: Gov.kz

Сондай-ақ келісім жаңа бірлескен ғарыш бастамалары үшін берік институционалдық негіз қалыптастырып, OTS-SAT спутнигін жасау тәжірибесін кең ауқымды ынтымақтастыққа пайдалануға мүмкіндік береді.

Осындай өзара іс-қимылдың практикалық жобаларының бірі – OTS-SAT.

Бұл ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы аясында Астанада «Ghalam» ЖШС әзірлеп жатқан 12U форматындағы спутник.

Жоба ғарыш аппаратын әзірлеуді, оны пайдалануды басқаруды және өңірлік өзара іс-қимылды дамытуды біріктіреді.

OTS-SAT орбитада технологияларды көрсетуге және ғарыш жағдайында спутниктік кіші жүйелерге арналған жаңа техникалық шешімдердің жұмыс қабілеттілігін тексеруге арналған платформа болмақ.

Жоба ТМҰ елдері арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

Аэроғарыш комитеті келісімге қол қойылуын Қазақстанның халықаралық ғарыш ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең ретінде бағалайды.

Сондай-ақ бұл қадам Ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ ғылыми, технологиялық және өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.