Қазақстан делегациясы БҰҰ алаңында әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық әрі институционалдық өзгерістердің нәтижелерін таныстырды.

Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау шеңберінде өтті.

Фото: Gov.kz

Қазақстандық делегация БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитетіне соңғы жылдары атқарылған реформалар туралы мәлімет берді.

Делегация құрамына Мәдениет және ақпарат, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері кірді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен мазмұнды өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі дәйекті жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Қазақстан әйелдердің шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту, зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету бағытын жалғастыратынын жеткізді.

Диалог барысында заңнамалық кепілдіктерден әйелдерді зорлық-зомбылықтан нақты қорғауға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Фото: Gov.kz

2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтті.

Сондай-ақ 2024 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғаны айтылды.

Бұл құжат қылмыстық жауаптылықты күшейтіп, Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп құрбандарды анықтау стандартын енгізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастырып келеді.

Халықаралық деңгейде Қазақстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін дәйекті түрде ілгерілетіп отыр.

Елдің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» атты 57/18 қарарын қабылдады.

Фото: Gov.kz

Қазақстанда әйелдердің шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту бағытында ілгерілеу бар екені атап өтілді.

2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді.

Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасары болып сайланды, тағы үшеуі тұрақты комитеттерді басқарды.

Мемлекеттік қызметте де әйелдердің өкілдігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Олар барлық мемлекеттік қызметшілердің 55%-ын құрайды және басшылық лауазымдардың 39%-ын атқарады.

Әйелдердің экономикалық дербестігін қамтамасыз ету бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.

Қазір елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын, яғни шамамен 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады.

Бұл кәсіпорындарда 1,5 млн-нан астам жұмыс орны құрылған.

Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек етеді.

Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуы кеңейіп келеді.

Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өтті.

Әйелдердің денсаулығын сақтау және әлеуметтік қолдау саласында да нәтижелер бар.

Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға өсті.

Сонымен қатар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мамандандырылған медициналық көмекке, жұмыспен қамтылуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі кеңейіп келеді.