Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мемлекеттер басшыларына орталық жұмысының негізгі нәтижелерін таныстырды.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру үшін қаржы орталығы ұсына алатын мүмкіндіктерге тоқталды.

АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған.

Қазіргі уақытта орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.

Фото: akorda.kz

Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы юрисдикциясының ерекшеліктері туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Сотының және Халықаралық төрелік орталығының қызметі таныстырылды.

Бұдан бөлек, орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері туралы айтылды.

Мәртебелі меймандарға тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA интеллектуалдық ассистенті де таныстырылды.

Фото: akorda.kz