Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University университетін ресми түрде ашты.

Бұл – Орталық Азияда AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет.

Халықаралық форум барысында Мемлекет басшысы адам капиталының маңызына ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, заманауи деректер орталығы мен озық технологиялар өздігінен технологиялық серпіліске кепіл бола алмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер болмаса, жаңа технологиялардың нақты нәтижеге айналуы қиын екенін атап өтті.

– Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі.

Президенттің сөзінше, жаңа оқу орны білім берумен қатар өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс.

Осы мақсатта жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндіктерін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару жүйесінде пайдалану көзделген.

– Жалпы бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмектесетін тәсіл болуы керек екенін айтты.

Президенттің пікірінше, технология қарқынды дамыған сайын білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University-ді құру барысы мен университет қызметінің алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, университет 2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында берілген тапсырмаға сәйкес құрылған.

29 сәуірде университет білім беру қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алды. 15 мамырда оған AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесі берілді. 18 мамырда университет Орталық Азияның білім беруді аккредиттеу қауымдастығында институционалдық аккредиттеуден өтті.

1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданды. Қазір университетте 528 студент білім алып жатыр. Оның 294-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқиды.

Qazaq AI Research University ректоры Сапар Токсанов Мемлекет басшысына университет қызметінің негізгі нәтижелерін таныстырды.

QAIRU-да жасанды интеллект университеттің негізгі үдерістеріне – білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына, оқытушылар қызметіне және басқару жүйесіне енгізілген.

Қазіргі уақытта университетте 391 бакалавриат студенті, 32 магистрант және ұлттық компаниялардың 105 қызметкері MBA AI+X бағдарламасы бойынша оқиды.

Бакалавриатта «Artificial Intelligence and Machine Learning» және «Physical AI» білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярланады.

Магистратурада өнеркәсіптік AI-жүйелер, қауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер, бизнес-талдау және цифрлық құқық бағыттары бойынша бес бағдарлама іске асырылуда.

Университет кампусы 3 500-ден астам білім алушыға арналған.

Университеттің цифрлық моделінің негізін QAIRU OS платформасы құрайды. Бұл жүйе оқыту, ғылыми зерттеу және басқару үдерістерін бірыңғай цифрлық ортада біріктіреді.

Платформа студенттер үшін жеке білім беру траекторияларын қалыптастырады, оқытушыларға оқу үдерісін ұйымдастыруға қолдау көрсетеді, ал зерттеушілерге ғылыми әдебиеттермен, деректермен және есептеу ресурстарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Университетте NVIDIA H200 негізінде жеке AI-инфрақұрылымы да дамып келеді. Ол модельдер әзірлеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және қорғалған цифрлық ортада AI өнімдерін жасауға пайдаланылады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен QAIRU AI-Enabled University стандартын әзірледі.

Құжат цифрлық инфрақұрылым мен деректерге, AI-жүйелердің сапасына, қауіпсіздікке, этикаға, адам бақылауына және тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптарды айқындайды.

Қазір стандарт әдістемесі Oxford Insights компаниясының тәуелсіз халықаралық сараптамасынан өтіп жатыр. QAIRU бұл стандартты жоғары білім беру жүйесінде сынақтан өткізу және кейін елдің басқа жоғары оқу орындарына енгізу үшін пилоттық алаң ретінде жұмыс істейді.

Университет қызметінің тағы бір маңызды бағыты – AI Research Hub дамыту. Бұл алаң іргелі және қолданбалы зерттеулерді, робототехника мен интеллектуалды жүйелерді біріктіреді.

Зерттеулер жасанды интеллектіні қалалық инфрақұрылымда, мемлекеттік басқаруда және қаржы секторында қолдануға бағытталған.

QAIRU жетекші шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді.

2027 жылдан бастап Shanghai Jiao Tong University және Tsinghua University университеттерімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар Carnegie Mellon University, Shanghai Innovation Institute, Хельсинки университеті және Tsinghua Shenzhen International Graduate School ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылған.

Google, Huawei және Samsung технологиялық компанияларымен бірлесіп оқу бағдарламаларына интеграцияланған индустриялық сертификаттау бағдарламалары іске асырылуда. NVIDIA компаниясымен бірге NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығы құрылуда.

QAIRU білім беру моделінің негізіне AI+X қағидаты алынған. Бұл тәсіл жасанды интеллектіні белгілі бір саланың сараптамасымен ұштастыруға бағытталған.

Оқыту жобалық тәсілге негізделген. Студенттер алғашқы курстан бастап өз AI өнімдерімен жұмыс істеп, оларды бүкіл оқу кезеңі бойы дамытады.

AI+X моделі университеттің технологиялық және салалық серіктестерімен бірлескен жобаларында да жүзеге асырылады.

Lenovo компаниясымен оқу үдерісін интеллектуалды талдауға арналған шешім әзірленген. Skyworker компаниясымен ұшқышсыз авиация саласында мамандар даярлау және ұшқышсыз ұшу аппараттарының қозғалысын басқару жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіледі.

Келесі кезеңде AI+X моделін ұлттық деңгейде кеңейту көзделіп отыр.

QAIRU Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін AI+X консорциумының өзегі ретінде жұмыс істейді.

Пилоттық жобалар аясында «AI және білім беру», «AI және машина жасау», «AI және ауыл шаруашылығы», «AI және көлік техникасы» бағыттары бейінді жоғары оқу орындары және индустриялық серіктестермен бірлесіп іске асырылмақ.

Алдағы уақытта консорциум құрамына жоғары оқу орындарын салалық мамандануына және өңірлік экономиканың қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр.

Бұл AI+X бағытындағы өңірлік құзырет орталықтарының желісін қалыптастыруға және жасанды интеллект саласындағы білімді нақты салалардың терең сараптамасымен ұштастыра алатын мамандар даярлауға мүмкіндік береді.