Мемлекеттік комиссия инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қадағалап, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жүргізеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды.

Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті – бағдарлама аясындағы жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдер мен бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.

Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңі, яғни жоспарлау мен қаржы бөлуден бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі жұмыстар толық бақылауға алынады.

Комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтап, кемшіліктерді жоюға бағытталған шараларды әзірлейді.

Бағдарламаның жүзеге асырылу барысына жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсан сайын және жыл сайын есеп ұсынылады.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.

Комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, сондай-ақ өңірлер мен бизнес қауымдастық өкілдері енді.