Қазақстан мен Қытай мұнай-химия, газ энергетикасы және қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын талқылады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайдың ірі өнеркәсіптік компанияларымен келіссөз жүргізіп, Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу, технологиялар трансфері және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Бір белдеу – бір жол» энергетика жөніндегі 4-министрлік конференциясына қатысу мақсатында Қытай Халық Республикасының Циндао қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың алғашқы күнінде министр Шаньдун провинциясындағы төрт ірі өнеркәсіптік және инвестициялық компанияның өкілдерімен кездесті. Олардың қатарында Fuhai Group, Qingdao Junpeng, Zhongxin United Energy инвестициялық платформасы және China United Northwest Institute жобалау институты бар.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және Қазақстан аумағында өндірісті оқшаулау болды. Қытайлық компаниялар елімізде мамандандырылған мұнай-газ және жылу-техникалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру, сервистік орталықтар ашу және қазақстандық инженерлерді оқыту бойынша ұсыныстарын таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар мұнай-химия өнімдерін терең өңдеу, сұйытылған табиғи газ (СТГ) өндіру және газ генерациясы салаларындағы перспективалы жобаларды талқылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардан энергия өндірудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ «Атырау» арнайы экономикалық аймағында тыңайтқыштар өндірісін жолға қою мүмкіндігі де қарастырылды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің шикізат саудасынан технологиялар трансферіне қарай бет бұрып келе жатқанын атап өтті. Осы орайда министр әлеуетті инвесторларға қойылатын негізгі талаптарды нақтылады.

«Біз жаңа инвестициялық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға дайынбыз. Алайда біз үшін олардың ел ішіндегі нақты қайтарымы аса маңызды. Бұл – өндірісті оқшаулау, отандық сервисті дамыту, лайықты еңбекке ақы төлеу және жергілікті қамту бойынша нақты талаптарды сақтау. Атап айтқанда, тауарлар бойынша кемінде 30 пайыз, ал жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша 80 пайыз деңгейінде болуы қажет. Мұнай-химия және газ энергетикасы саласындағы барлық бастамалар шикізат базасы мен ішкі нарықтың басымдығын ескере отырып бағаланады», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр Қазақстанда «жасыл» энергетиканың үлесі артып, 8,5 пайызға жеткенін де атап өтті. Осыған байланысты еліміз ірі қалаларда қалдықтарды энергияға айналдырудың озық экологиялық технологияларын енгізуге қызығушылық танытып отыр.
Бұдан бөлек, Атырау облысында химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларын ұштастыратын жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған инвестициялық бастамаларды салалық сарапшылар деңгейінде одан әрі пысықтауға келісті.
26 қарашада Ерлан Ақкенженов «Бір белдеу – бір жол» энергетика жөніндегі 4-министрлік конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлейді. Сондай-ақ министрдің бейінді ведомстволар мен халықаралық энергетикалық компаниялар басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізуі жоспарланған.