Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының президенті Давид Лаппартьенмен кездесіп, спортшыларды даярлау, велоспорт инфрақұрылымын дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қарастырды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстандағы велосипед спортын одан әрі дамыту, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және халықаралық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Премьер-министр елімізде спортшылардың кәсіби дайындығына қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, тиісті жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанына тоқталды.

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында өңірлерде инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, білім беру, спорт және мәдениет салаларында шамамен 50 нысан салу жоспарланған. Бұл тұрғындардың спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстанда велоспортты дамытуға да айрықша назар аударылып келеді. Еліміздің велошабандоздары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Қазіргі уақытта велосипед спортымен 9 мыңнан астам адам, оның ішінде балалар мен жастар жүйелі түрде шұғылданады.

Спортшылардың жаттығуы үшін Астанада халықаралық деңгейдегі «Сарыарқа» велотрегі жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде мамандандырылған спорт мектептерінің желісі қалыптасқан.

Елімізде велосипед спортының төрт бағыты дамып келеді. Олар – тас жолдағы веложарыс, трек жарысы, маунтинбайк (тау велосипеді) және BMX (Bicycle Motocross). Тас жол велоспорты 9 аймақта, трек және тау велоспорты 5 аймақта, ал BMX 4 аймақта дамуда.

Кездесуде спортшыларды даярлау сапасын арттыруға және қазақстандық велошабандоздардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жаңа мүмкіндіктер жасауға ерекше көңіл бөлінді.

«Біз Халықаралық велосипедшілер одағымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Қазақстанда велоспорт кеңінен танымал. Александр Винокуров, Алексей Луценко сынды даңқты спортшыларымыз бен чемпиондарымызды, сондай-ақ Әнел Ташбай сияқты жас әрі дарынды велошабандоздарымызды мақтан тұтамыз. Қазақстан велоспортты одан әрі дамытуға және UCI-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Біз велоспортты елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен насихаттауға өз үлесімізді қосуға дайынбыз»,— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Халықаралық велосипедшілер одағының президенті Давид Лаппартьен Қазақстанның әлемдік велоспорттың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстан велоспорттағы Азияның ең мықты елдерінің бірі. Мықты велошабандоздар көп, халықаралық аренада, соның ішінде Азия ойындарында да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Astana XDS командасы көптеген жылдар бойы әлемдік пелотонның танымал ұжымдарының қатарына кірді. Қазақстанның велоспортты дамытуға қосып отырған үлесі мен осы бағытқа көрсетіп келе жатқан жүйелі қолдауын жоғары бағалаймыз. Халықаралық велосипедшілер одағы Қазақстанда велоспортты одан әрі дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын», — деді Давид Лаппартьен.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Халықаралық велосипедшілер одағы велоспортты дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және спорттың бұл түрін кеңінен насихаттауға арналған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.