Елімізде медициналық қызметтерді цифрландыру, қағазбастылықты азайту және пациенттердің дербес деректерін қорғау шараларын күшейту жоспарланып отыр. Бұл ретте диагноз қою мен ем тағайындау дәрігердің құзыретінде қалады.

Қазақстанда медициналық ұйымдардағы қағазбастылықты азайту және жасанды интеллект технологияларын қолдануға бірыңғай талаптар белгілеу көзделіп отыр.

Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай депутаттарына денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда таныстыру кезінде мәлімдеді.

Заң жобасында азаматтардың электрондық сервистер арқылы өз денсаулығы туралы мәліметтерге қол жеткізу құқығын бекіту ұсынылған. Сонымен қатар, медициналық араласуға ақпараттандырылған келісімді цифрлық форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізу қарастырылып отыр.

Бұдан бөлек, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ескере отырып, медицина саласында жасанды интеллектіні пайдалануды реттейтін бірыңғай қағидаларды енгізу жоспарланған.

Жаңа талаптарға сәйкес, жасанды интеллект дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін көмекші құрал ретінде ғана қолданылады. Ал диагноз қою және ем тағайындау жөніндегі түпкілікті шешімді қабылдау құқығы медицина маманының өзінде сақталады.

Сондай-ақ заң жобасында медицина қызметкерлерінің цифрлық жүйелерге енгізілетін ақпараттың дұрыстығына жауапкершілігін бекіту көзделген. Бұған қоса, пациенттердің медициналық дербес деректерін қорғауды күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру ұсынылып отыр.

Ұсынылған заңнамалық өзгерістер медициналық цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, құжат айналымын жеңілдетуге және пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде қазақстандықтар үшін медициналық көмек алу процесін барынша қолайлы ету көзделіп отыр.