Елімізде медициналық туризмді дамытуға бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістер ұсынылды. Құжатта алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдарын бекіту, сондай-ақ шетелдік пациенттерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін жетілдіру көзделген.

Қазақстанда шетелдік пациенттерді отандық медициналық ұйымдарға тарту үшін қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау саласына қосымша инвестиция тартуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және қазақстандық клиникалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ел азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді.

Аталған өзгерістер Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған.

Заң жобасы аясында алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдарын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылып отыр. Бұл бағыттағы қызметке клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туристік және сақтандыру компаниялары қатыса алады.

Жаңа түзетулерге сәйкес, медициналық ұйымдар шетелдік пациенттерге қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу үшін арнайы бөлімшелер құра алады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға медициналық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасау өкілеттігін беру көзделген.

Бұдан бөлек, медициналық сапарларды ұйымдастыруға қатысты жауапкершілікті нақтылау ұсынылады. Бұл шетелдік пациенттердің келісімшартта көрсетілген медициналық және өзге де қызметтерді толық көлемде алуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Бүгінде Қазақстанда заманауи деңгейде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін медициналық орталықтар, білікті мамандар мен технологиялар бар. Біздің міндетіміз – осы әлеуетті дамыту, отандық медицинаға деген сенімді нығайту және оның өсуіне қосымша мүмкіндіктер жасау. Бұл ретте қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сөзсіз басымдық болып қала береді», – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Шетелдік пациенттер ағынын арттыру медициналық ұйымдарды жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге қосымша серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл өзгерістер Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға да ықпал етпек.