Қазақстанда отандық ғалымдардың жаңа емдеу әдістерін медицинаға енгізу жеделдетілмек
Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми әзірлемелерді ауруханалар мен емханалардың тәжірибесіне жылдам енгізу үшін медициналық зерттеулердің бірыңғай тізілімін құруды жоспарлап отыр.
Қазақстанда отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтары мен әзірлемелерін медициналық тәжірибеге енгізуді жеделдету көзделіп отыр. Осы мақсатта медициналық зерттеулердің бірыңғай тізілімін құру жоспарланған. Бұл бастама заманауи медициналық технологияларды пайдалану арқылы ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Тиісті өзгерістер Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған.
«Медицина ғылымының басты құндылығы жүргізілген зерттеулердің санында емес, олардың пациенттер үшін нақты пайдасында. Ғалымдарымыздың тиімді әзірлемелері ауруханаларда тәжірибеде қолданылып, дәрігерлерге диагнозды дәлірек қоюға және емдеу сапасын арттыруға көмектесуі маңызды», – деп атап өтті Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Жоспарланған бірыңғай тізілімде қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары мен зерттеу нәтижелері туралы ақпарат жинақталады. Бұл Денсаулық сақтау министрлігіне болашағы зор ғылыми әзірлемелерді анықтауға және оларды медициналық практикаға енгізуге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, заң жобасында ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандар мен практик дәрігерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту қарастырылған. Сондай-ақ зерттеу жүргізу барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді азайту және медицина ғылымына инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыру көзделіп отыр.
Ғылыми зерттеулер барысында тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген жаңа диагностикалау және емдеу әдістерін медициналық тәжірибеге енгізуге басымдық беріледі.