Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде SPE Caspian 2026 халықаралық конференциясы мен көрмесі ашылды. Іс-шара аясында сала мамандары жаңа инженерлік шешімдерді, өндірісті цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылайды.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Мұнай-газ инженерлері қоғамының (Society of Petroleum Engineers, SPE) жыл сайынғы Каспий техникалық конференциясы мен халықаралық көрмесі басталды. SPE Caspian 2026 конференциясына энергетикалық компаниялар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ саласының инженерлері мен халықаралық сарапшылар қатысуда.

Биылғы конференция «Ресурстар әлеуетін ашу: жауапты басқару арқылы құндылықты арттыру» тақырыбына арналған. Үш күнге жоспарланған бағдарлама 26 техникалық сессияны, пленарлық отырыстарды, стратегиялық пікірталастарды және халықаралық технологиялық көрмені қамтиды. Қатысушылар мұнай-газ саласындағы қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін, заманауи инженерлік шешімдерді, өндірісті цифрландыру және жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін талқылайды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашудың маңыздылығын атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, олардың білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалары өнеркәсіптің басым бағыттарындағы сұранысқа сәйкес әзірленуі тиіс.

Осы бағытта Атырау мұнай және газ университеті білім беру бағдарламаларын өндіріс қажеттіліктеріне бейімдеп, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жетілдіріп келеді. Мамандар даярлау барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеруге, зерттеу дағдыларын дамытуға және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

«Энергетика саласының болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімге, технологиялар мен адами капиталға байланысты. Бүгінде университеттер маман даярлаумен ғана шектелмей, өндірістің нақты міндеттеріне ғылыми шешім ұсынатын және инновацияларды дамытатын орталықтарға айналуы тиіс. Осы тұрғыда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің әлеуеті ерекше. Біздің басты міндетіміз – ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми зерттеулерді нақты технологиялық нәтижелерге айналдыру», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзінде.

Халықаралық көрме аясында университет өзінің ғылыми әзірлемелерін және кәсіпорындармен ынтымақтастық бағыттарын таныстырды. Конференция шетелдік жоғары оқу орындары мен салалық компаниялар арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және озық технологияларды өндіріске енгізу бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, конференция бағдарламасына мектеп оқушылары мен педагогтерге арналған Energy4me халықаралық білім беру бастамасы енгізілген. Бағдарлама оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына, технологияға, инженерия мен математикаға (STEM) қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.

SPE Caspian 2026 халықаралық конференциясы мен көрмесі 26 қарашаға дейін жалғасады.