Жетісу облысының алты ауданын газдандыруға 37,4 млрд теңге бөлінді
Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірдегі 100-ге жуық елді мекенге газ құбырларын тарту жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда 183 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасы аясында Үкімет Жетісу облысының алты ауданын газдандыруға 37,4 млрд теңге бөлді. Қаражат Инфрақұрылымды дамыту қорынан Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарында газ құбырлары мен газ тарату желілерін салуға бағытталады.
Жоба аясында 100-ге жуық елді мекенді газбен қамту көзделген. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,3 мың шақырымды құрайды. Нәтижесінде 183 мыңнан астам тұрғын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Қаржыландыру екі негізгі бағытқа бөлінген. Біріншісі – елді мекендерді «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырына қосу, екіншісі – жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырым болатын өтпелі нысандардың құрылысын аяқтау.
84 ауылды «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырына қосу үшін 27 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Президенттің тапсырмасына сәйкес магистральдық газ құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталған.

Қазіргі уақытта үш аудандағы 133,9 мың тұрғынды газбен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын газ тарату желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстарына келісімшарттар жасалып жатыр.
Атап айтқанда:
- Алакөл ауданында жалпы ұзындығы 1 115 шақырым болатын газ желісі салынады. Оның 252 шақырымы бірінші кезеңде, 863 шақырымы екінші кезеңде жүргізіледі. Нәтижесінде 61,2 мың тұрғыны бар 28 ауыл газбен қамтылады.
- Сарқан ауданында 893 шақырым газ желісін тарту жоспарланған. Бірінші кезеңде 218 шақырым, екінші кезеңде 675 шақырым құбыр салынады. Бұл 19 елді мекендегі 35,7 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Ақсу ауданында 767 шақырым газ құбыры тартылады. Оның 281 шақырымы бірінші кезеңге, 486 шақырымы екінші кезеңге тиесілі. Жоба нәтижесінде 37 ауылдағы 36,9 мың тұрғын газға қол жеткізеді.
Аталған жұмыстарды 2026 жылдың соңында бастап, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырым болатын 16 өтпелі нысанның құрылысын аяқтауға 10,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл нысандарды 2026 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беру көзделген. Нәтижесінде 49,4 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Атап айтқанда:
- Панфилов ауданында 45,3 мың тұрғыны бар 12 ауылды газдандыру үшін 503,6 шақырым газ желісі салынып жатыр.
- Қаратал ауданында үш ауылдағы 2 мыңнан астам тұрғынды газбен қамту мақсатында 37,5 шақырым газ құбыры тартылуда.
- Ескелді ауданында Жалғызағаш ауылындағы 1,9 мыңнан астам тұрғын үшін 34,5 шақырым газ желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа газ құбырларын салу өңірді газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі саналады. «Жетісу облысын 2030 жылға дейінгі перспективада кешенді газбен қамту» өңірлік схемасына сәйкес 356 елді мекеннің 210-ын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Облыс құрылғанға дейін Талдықорған қаласын қоса алғанда, небәрі бес елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Қазіргі уақытта өңірдегі 115 ауыл мен қала газбен қамтылған. Бұл 468,5 мың тұрғынды немесе 121,1 мың абонентті құрайды. Осылайша, облыс халқының 67,4%-ы табиғи газға қол жеткізген.
2026 жылдың соңына дейін барлық 16 өтпелі нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін газбен қамтылған елді мекендер саны 126-ға жетеді деп күтілуде. Ал табиғи газды пайдаланатын тұрғындар саны 518 мыңнан асып, өңірдің жалпы газдандыру деңгейі 74%-ға дейін өседі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстандағы газдандыру деңгейі 64,2%-ды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 62,4% болған. Бүгінде елімізде 13,1 млн адам табиғи газға қол жеткізген.
2026 жылдың соңына дейін республикалық газдандыру деңгейін 64,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Президенттің тапсырмасына сәйкес солтүстік және шығыс өңірлерді газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру есебінен 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 80%-ға дейін арттыру көзделген.
Аталған инфрақұрылымдық жобалар көмір тұтыну көлемін азайтуға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге және ауылдық жерлерде шағын әрі орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындардың табиғи газға қолжетімділігі артып, Жетісу облысының газдандыру деңгейі жоғарылайды.