Қазақстанда күрделі тамырлық патологиясы бар балаларды емдеудің жаңа әдісі енгізілуде
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жоғары технологиялық емдеу әдісі қолданысқа енгізіліп жатыр. Енді күрделі тамырлық мальформациясы бар балалар шетелге бармай-ақ, елімізде медициналық көмек ала алады.
Қазақстанда күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдісі енгізіліп жатыр. Бұған дейін мұндай диагнозы бар кішкентай пациенттер медициналық көмектің жекелеген түрлерін алу үшін шетелдік клиникаларға жіберілетін. Енді қажетті емді Қазақстанда алуға мүмкіндік туады.

Тамырлық мальформациялар – қан тамырларының туа біткен даму аномалиялары. Аурудың күрделі түрлерін емдеу жоғары технологиялық медициналық әдістерді қолдануды талап етеді.

Елімізде жыл сайын осы бағыт бойынша 1,2 мыңнан астам бала стационарлық ем қабылдайды. Ал соңғы бес жылда 90 бала емделу үшін шетелге жіберілген.
Жаңа технология Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында енгізілуде. Алғашқы кезеңде орталықта жыл сайын шамамен 50 балаға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету жоспарланған.
24–25 қараша күндері орталықта неміс профессоры Вольгемуттың қатысуымен шеберлік сабақтары өтуде. Қазақстандық дәрігерлер шетелдік сарапшымен бірлесіп, жаңа емдеу әдісін меңгеріп, оны отандық медицина тәжірибесінде өз бетінше қолдануға қажетті практикалық дағдыларды игеріп жатыр. Екі күндік шеберлік сабағы аясында күрделі тамырлық мальформациялары бар сегіз балаға операция жасалды.

Қазақстан аталған технологияны енгізетін әлемдегі екінші ел болмақ. Бұл отандық жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуына және еліміздің медициналық туризм саласындағы әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Болашақта Қазақстан күрделі тамырлық мальформацияларды емдеуді қажет ететін өз азаматтарына ғана емес, шетелден келетін кішкентай пациенттерге де мамандандырылған медициналық көмек көрсете алады.
Жаңа әдісті енгізуге қажетті медициналық жабдықтар AYALA және «Бірінші болуға батылдық» қайырымдылық қорларының қолдауымен сатып алынды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығын сақтау саласын дамытуға және олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жобаларды қолдауға қосқан үлесі үшін аталған қорларға алғыс білдірді.