ALT University қазақстандық SAMGA Petroleum компаниясымен және «Болашақ» қауымдастығымен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. Келісімдер студенттердің тәжірибелік білімін жетілдіруге, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейтуге және түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Университетте өткен кездесуге ALT University басқарма төрағасы – ректор Меруерт Жармағамбетова, академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Абдрешов, корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Иванов қатысты. Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының директоры Бағдат Телтаев, профессор-оқытушылар құрамы және құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.

SAMGA Petroleum компаниясының атынан бас директор Жәнібек Катренов, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Арман Аралов және бас директордың ғылым жөніндегі кеңесшісі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әуез Әбетов келді.

Жәнібек Катренов, сонымен қатар, халықаралық «Болашақ» білім беру бағдарламасы түлектерін біріктіретін қауымдастық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Ұйым білім, ғылым, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы бастамаларды қолдайды.

Кездесу барысында SAMGA Petroleum өкілдері геофизика және сейсмикалық барлау саласында қолданылатын заманауи технологияларды таныстырды. Атап айтқанда, геофизикалық деректерді жинауға арналған STRYDE сейсмикалық датчиктерінің мүмкіндіктері көрсетілді.

Қатысушылар өндірістегі нақты міндеттер мен технологиялық шешімдерді университеттің білім беру бағдарламаларына енгізу жолдарын талқылады.

Сонымен қатар инженерлік білім беру, көлік логистикасы, ақпараттық технологиялар және телекоммуникация бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Тараптар студенттердің кәсіби және дипломалды тәжірибесін ұйымдастыру, салалық сарапшылардың қатысуымен қонақ дәрістер өткізу, нақты өндірістік жағдайларға негізделген практикалық тапсырмалар әзірлеу және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде пікір алмасты.

Кездесу аясында қонақтар үшін ALT University кампусына экскурсия ұйымдастырылды. Компания мен қауымдастық өкілдері университеттің инфрақұрылымымен, білім беру мүмкіндіктерімен және мамандар даярлау бағыттарымен танысты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша университет екі ұйыммен жеке ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

SAMGA Petroleum компаниясымен жасалған келісім білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге және сала мамандарын оқу үдерісіне тартуға бағытталған.

Ал «Болашақ» қауымдастығымен жасалған меморандум бірлескен білім беру және сараптамалық жобаларды жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ университет бастамаларына бизнес пен ғылыми қоғамдастық өкілдерін қатыстыруға негіз болады.

ALT University үшін аталған келісімдер білім беру бағдарламаларының тәжірибелік бағытын күшейтуге, студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстан экономикасының қазіргі қажеттіліктеріне сай мамандар даярлауға бағытталған.