Астанада 40 елдің өкілдерін біріктірген NEW SILK WAY халықаралық бизнес-форумы басталды
Фото: Gov.kz
Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты.

Фото: Gov.kz
Форум көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және Еуразиядағы көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Биылғы жиынға Қазақстанды қоса алғанда, 40 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Форум аясында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 мыңға жуық өкілі бас қосады деп күтілуде.
Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.

Фото: Gov.kz
Іскерлік бағдарлама аясында «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистикадағы тұтас технологиялар» атты стратегиялық сессия ұйымдастырылды.
Онда көлік саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және технологиялық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері қаралды.
Сессияда Қазақстанның Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Пәкістанның Федералдық коммуникациялар министрі Абдул Алим Кхан, Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадыр Уралоглу, Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамов және Чехияның Көлік министрі Иван Беднарик сөз сөйледі.
Сондай-ақ талқылауға Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев қатысты.

Фото: Gov.kz
Сарапшылар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жүк ағындарын басқаруға, халықаралық тасымалдарды оңтайландыруға және логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыруға қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Бұдан бөлек, өзара үйлесімді цифрлық жүйелерді дамыту, мемлекеттік органдар мен көлік-логистика саласына қатысушылар арасында деректер алмасуды жетілдіру және тасымалдардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Форум бағдарламасында жоғары деңгейдегі кездесулер, стратегиялық және панельдік сессиялар қарастырылған.
Олардың негізгі тақырыптары халықаралық көлік дәліздерін дамыту, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру және Еуразия елдері арасындағы көлік байланысын нығайту мәселелерін қамтиды.
Сонымен қатар форуммен қатар «TransLogistica Kazakhstan 2026» XXIX Қазақстандық халықаралық көрмесі өтіп жатыр.
Көрме көлік және логистика саласындағы жетекші компаниялар мен сарапшыларды біріктіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «NEW SILK WAY» форумы халықаралық әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға арналған практикалық шешімдерді әзірлеуге бағытталған.

Фото: Gov.kz
Сондай-ақ іс-шара Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін арттыруға ықпал етуі тиіс.