Қазақстанның денсаулыққа төнетін қауіптерді цифрлық бақылау тәжірибесі ТМД байқауында жеңіске жетті
Қазақстандық мамандардың қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы қауіптерді цифрлық мониторингтеуге арналған тәжірибесі халықаралық байқауда жоғары бағаланды.
«ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласы – 2026» журналы ұйымдастырған конкурста Қазақстанның Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталығын трансформациялауға арналған ғылыми мақала бірінші орын алды.
Жұмыс «ТМД елдерінің ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Мақала авторлары – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерік Байжүнісов және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының стратегиялық даму және цифрландыру басқармасының басшысы Қуандық Асқаров.
Байқауда ұсынылған тәжірибенің негізгі бағыттарының бірі – Saqbol қауіптерінің интерактивті картасы.
Бұл платформа әлем бойынша төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде бақылауға, оларды картада белгілеуге және халық денсаулығына әсер ететін қауіптерді кешенді бағалауға мүмкіндік береді.
Жүйе эпидемиологиялық, климаттық, экологиялық және техногендік факторлар туралы ақпаратты талдайды.
Сонымен қатар жедел әрекет етуді және мамандардың қосымша сараптамасын қажет ететін маңызды оқиғаларды автоматты түрде анықтайды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе аумағы кең, табиғи-климаттық жағдайлары әртүрлі және аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары орналасқан Қазақстан үшін ерекше маңызды.
COVID-19 пандемиясы, климаттық ауытқулар мен су тасқындары төтенше жағдайларға алдын ала дайындалу және қауіптерді ерте анықтау қажеттігін көрсетті.
Saqbol платформасы мен Жедел орталықтың жұмысы ықтимал қауіптерді ауқымды дағдарысқа ұласпай тұрып анықтауға және талдауға бағытталған.
Алдағы уақытта жоба авторлары жүйені одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, сабақтас салалардағы қосымша деректерді біріктіру, қауіптерді бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын енгізу және болжамдық талдауды дамыту көзделген.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға басымдық беріледі.
Қазақстандық мамандардың жұмысы «ТМД елдеріндегі денсаулық сақтауды жетілдіру жолдары» тақырыбындағы конкурс аясында үздік деп танылып, еліміздің қоғамдық денсаулық сақтау саласын цифрландыру тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырды.