Тоқаев Ерлан Қариннің ішкі саясат жөніндегі есебін тыңдап, бірқатар тапсырма берді
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент Ерлан Қаринді қабылдап, ішкі саясаттың басым бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бастамаларын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында белгіленген міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.
Ерлан Қарин Президентке конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу мәселелеріне тоқталды.
Вице-Президент этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де мәлімет берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы қажет екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік және азаматтардың ортақ жасампаз мақсаттарға жұмылуы елдің қарқынды дамуының маңызды алғышарттары саналады.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.