Тоқаев World Aquatics президентін «Достық» орденімен марапаттады
Фото: akorda.kz
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламмен кездесті.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы халықаралық ұйымның Қазақстан су спорты түрлері федерациясына көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалады.
Сондай-ақ Президент өзара серіктестікті нығайтуға ниетті екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың су спорты түрлеріне қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, отандық атлеттер ел намысын халықаралық деңгейде, соның ішінде Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында лайықты қорғап жүр.

Фото: akorda.kz
Осы ретте Президент Дмитрий Баландиннің Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы тарихи жеңісін және Әділбек Мусиннің 2022 жылғы Азия ойындарында қола медаль иеленгенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, сондай-ақ жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстар өткізуге қажетті жағдай жасалып жатқанын айтты.

Фото: akorda.kz
Президент спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Хусейн Әл-Мусаллам Қазақстан спортшыларының жетістіктері мен биыл ХХ жазғы Азия ойындарында көрсеткен шеберлігі елдің спорт саласын дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсететінін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлемде және Қазақстанда су спорты түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусалламды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: akorda.kz