Алматы облысында әлеуметтік санаттағы 29 отбасы баспана алды
Фото: Gov.kz
Алматы облысының Талғар ауданында 29 отбасы баспаналы болды.
Пәтерлер көпбалалы аналарға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және асыраушысынан айырылған жандарға берілді.
Түзусай ауылында өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, тұрғындарды қоныстойымен құттықтады.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Аймақ басшысы өз сөзінде халықты баспанамен қамтамасыз ету Президент жүктеп отырған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады.
Шыңғыс Әрінов Алматы облысында халық саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бұл өңірдің дамып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы аймаққа айналып келе жатқанының бір көрінісі.
Облыс әкімі баспана кез келген отбасы үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.
– Бүгінгі табысталған кілт – әр отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы. Адамның өз үйі болғанда ертеңіне деген сенімі де арта түседі.
Аймақ басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарда екенін жеткізді.
Оның айтуынша, алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық беріледі.
Қазіргі таңда Талғар ауданында тұрғын үй кезегіне 7,5 мыңға жуық азамат тіркелген.
Соңғы екі жылда аудан бойынша 459 пәтер сатып алынды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Оның 275-і өз иелеріне берілді.
Бүгін тағы 29 отбасы баспана кілтін алды.

Солардың бірі – ерекше қажеттілігі бар балаға күтім жасап, тәрбиелеп отырған ана Зиягүл Ержанова.
– Үй кезегіне 2015 жылы тұрдық. 11 жыл бойы күткен сәт бүгін туып, баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Қуанышымызға облыс әкімі ортақтасып, арнайы келіп құттықтады.
Зиягүл Ержанованың айтуынша, оған үйге қажетті электр пеші мен теледидар сыйға тартылған.
Тұрғын екі бөлмелі пәтердің жобасы мен сапасы көңілінен шыққанын айтты.
– Терезесі – үлкен, бөлмелер – жарық, тауға қарайтын әдемі көрінісі де бар. Осындай қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс және аудан әкімдігіне алғыс айтамын.
Алматы облысында әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.