AI-Sana бастамасының жаңа кезеңі AI құзыреттерін экономикада қолдануға бағытталады
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «AI-Sana – жоғары білім беруді трансформациялаудың драйвері: адами капиталдан AI экономикасына дейін» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Сессияда AI-Sana бастамасын дамытудың келесі кезеңі талқыланды. Негізгі назар жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді жаппай қалыптастырудан оларды экономикада нақты қолдануға көшу мәселесіне аударылды.
Қатысушылар жаңа буын мамандарын даярлау, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, технологиялық әзірлемелерді коммерцияландыру, стартаптарды дамыту және AI шешімдерін ауқымдауға қажетті жағдай қалыптастыру мәселелерін қарастырды.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Стэнфорд университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Каримова, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев және Alpha Intelligence Capital серіктесі Ни Ли қатысты.

Сессияны ашқан Қуанышбек Есекеев адами капиталды дамыту Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық елге айналдыру мақсатына жетудің негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.
– Адами капиталды дамытуға ерекше мән беріледі. AI-Sana бағдарламасына қазірдің өзінде 650 мың қатысушы қамтылды, ал екінші кезеңіне еліміздің 100-ден астам университеті қосылды. Келесі қадам – бизнес-модельдерді дамыту және стартаптарды жеделдету.
Президент көмекшісінің айтуынша, мемлекет, ғылым, білім беру және бизнес күш-жігерін біріктіру жаңа буын мамандарын қалыптастыруға және Қазақстанда бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялардың пайда болуына жағдай жасайды.
Сессияның бірінші бөлімінде AI экономикасын қалыптастырудың негізгі элементтері қаралды. Олардың қатарында адами құзыреттерді дамыту, білім беру үдерісін трансформациялау, индустрия міндеттерін шешу, өнімдер әзірлеу және капитал тарту мәселелері бар.
Стэнфорд университетінің профессоры Пол Ким жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде білім берудің рөлі өзгеріп келе жатқанын айтты.

Оның пікірінше, білім беру жүйесі студенттерге проблемаларды өз бетінше анықтауға, сыни ойлауға және практикалық құндылығы бар шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беруі керек.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Каримова университеттік ортаны трансформациялау тәсілдерін таныстырды.
Ол жобалық оқыту, зерттеу құзыреттерін дамыту, индустриямен өзара іс-қимыл және кәсіпкерлік командаларды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ талантты жастарды AI шешімдерін әзірлеуге тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев ірі бизнестің заманауи AI құралдарын нақты бизнес міндеттерін шешуге қолдана алатын мамандарға сұранысы артып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай мамандар AI шешімдері арқылы өнімділікті арттырып, өлшенетін экономикалық нәтижеге қол жеткізе білуі қажет.
Alpha Intelligence Capital серіктесі Ни Ли технологиялық әзірлемеден коммерциялық тұрғыдан өміршең өнімге және ауқымын кеңейте алатын компанияға көшу мәселесіне тоқталды.
Атап айтқанда, өнім стратегиясы, нарық сұранысын растау, команда қалыптастыру және венчурлік капитал тарту мәселелері қарастырылды.
Сессияның екінші бөлімінде қатысушылар арасында модераторлық форматтағы диалог өтті.

Онда университеттер, бизнес, мемлекет және инвестициялық қоғамдастық арасындағы қазіргі байланыстарға баса назар аударылды.
Спикерлер еңбек нарығына қандай құзыреттер қажет екенін, университеттік әзірлемелерді практикалық қолданысқа қалай жылдам енгізуге болатынын, алғашқы корпоративтік тапсырыс берушілердің рөлі қандай екенін және қазақстандық AI стартаптарына инвестиция тарту үшін қандай жағдайлар қажет екенін талқылады.
Сонымен қатар қатысушылар AI-Sana бастамасының 2030 жылға қарай білім беру жүйесіне ғана емес, елдің экономикалық дамуына ықпалын бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер мәселесін қарастырды.
Панельдік сессия 2025 жылы AI-Sana аясында басталған пікірталастың жалғасы болды.
Кездесуде бастаманы дамытудың келесі кезеңі «талант – құзырет – шешім – өнім – капитал – экономикалық әсер» тізбегін қалыптастырумен байланысты екені атап өтілді.
Бағдарламаны одан әрі дамытуда мемлекет, университеттер, технологиялық сектор, ірі бизнес және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту маңызды.
Мұндай тәсіл AI саласындағы құзыреттерді практикада қолдануға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және білімге, инновацияға әрі жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.