Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 150 теңге етіп белгілеу ұсынылды
Фото: Gov.kz
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылды.
Елордада қоғамдық көліктегі жол жүру тарифі 2014 жылы 90 теңге болып бекітілген. Өткен 12 жыл ішінде жол жүру ақысы бір рет қайта қаралып, қазір 110 теңгені құрап отыр.
Осы кезеңде тасымалдаушылардың негізгі шығындары айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, жанармай, қосалқы бөлшектер, жаңа автобустар, техникалық қызмет көрсету және жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар артты.
Мысалы, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазіргі уақытта оның бағасы 329 теңгені құрайды. Осылайша, дизель отынының құны 3 еседен астам өскен.
Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да көбейді. 2014 жылы жүргізушілердің орташа жалақысы шамамен 100-150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады.
Сонымен қатар қосалқы бөлшектердің, автомобиль шиналарының, аккумулятор батареяларының, автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ жаңа жылжымалы құрамды сатып алу құны едәуір артқан.
Шығындардың өсуіне қарамастан, елордада қоғамдық көлікті кезең-кезеңімен жаңарту және дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келетін 1127 жаңа автобус сатып алды.
Бұл ретте Астанада тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары сақталады.
Астана қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі.
Тегін жол жүру құқығы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің біріне беріледі.
Сондай-ақ бұл құқық Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына және заңда белгіленген тәртіппен ақталған азаматтарға қолданылады.
Бұдан бөлек, 2020 жылғы наурыздан бастап Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін.
Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау қызметіне тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес жүргізілген есептеулер бойынша, 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қазіргі жол жүру ақысынан жоғары.
Пайдалану шығындарының өсуіне, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, автобус паркін одан әрі жаңартуға және маршруттық желіні дамыту қажеттілігіне байланысты 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр.