Жетісу облысында халықаралық әуежай бой көтереді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың хабарлауына қарағанда, өңірге биылғы бірінші жартыжылдықта өңірге 178 миллиард теңге (өсім – 29,5 пайыз) инвестиция тартылған.
«2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық портфель жасақталып, оған жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 128 жоба енгізілгенін жеткізді. Олардың аясында 10,6 мың жұмыс орны ашылады», – делінген ақпаратта.
Ақорда ақпаратына сәйкес, облыста тау-кен байыту комбинаты, «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, жел электр стансаларының зауыты, халықаралық әуежай салынады. Сонымен қатар әкім биыл облыста 540 мың тонна қызылша жинау және 78 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр деп айтты.
Әкім туризм саласына да тоқталды. Алакөл жағасындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеуден өткенін баяндады.
«Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары әзірленді. Лепсі ауылы – Балқаш көлі жағалауы автожолы реконструкциядан өтіп, инженерлік инфрақұрылым салу жобасы іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автожолының құрылысы аяқталады», – делінген ақпаратта.
Тоқаев әкімге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екенін айтып, сынаған. Келеңсіз жайға үкіметтің назарын аударған.
Қажетті туристік инфрақұрылымның жоғын, қызмет көрсету мен қауіпсіздік мәселесі лайық деңгейде қамтамасыз етілмегенін атаған еді.