«Ес-түссіз жатыр». Рамзан Қадыровтың ұлы ауыр халде ауруханаға жеткізілді деп хабарланды
Фото: Yelena Afonina/TASS/dpa/picture alliance
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров Грозный қаласындағы Республикалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы нашар деп хабарланды. Бұл туралы «Кавказ.Реалии» басылымы екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Грозныйдағы дереккөздердің бірінің жазуына қарағанда, Адам Қадыров реанимация бөлімінде, ес-түссіз күйде. Осыған байланысты ауруханаға апаратын жолдар уақытша жабылған.
Шешен оппозициялық NIYSO қозғалысының Telegram-арнасы оқиға жайлы жазды. Арна жазуына қарағанда, Қадыров кортежі әдеттегідей жоғары жылдамдықта жүрген, бірақ күтпеген кедергіге тап болған. Соның салдарынан көліктер соқтығысқан.
Арна мәліметінде жол апатынан тағы бір жоғары лауазымды шешен шенеунігінің ұлы да зардап шеккен деп жазылады. Алайда оның аты-жөні нақтыланбаған.
NIYSO дерегіне сәйкес, аурухана маңындағы даңғыл жол жабық, Грозный қаласына кіреберісте көлік кептеліп тұр. Сонымен қатар аурухана уақытша жабылып, Адам Қадыровты Мәскеуге жеткізуге дайындап жатқаны да айтылған.
Бұл ақпаратты Шешенстан билігі ресми түрде растаған жоқ.
Еске сала кетелік, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты уақытша Шешенстан үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады деп жазғанбыз. Сондай-ақ ұлы Ахмат аймақтың дене шынықтыру және спорт министрі қызметін де қатар атқара беретіні мәлімденді.
Үкімет басшысының тағы бір орынбасары болып ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев тағайындалды.
Қадыровтың айтуына қарағанда, жаңа қызметке келген екі шенеунік те жоғары лауазымдағы міндетті атқара алатын тәжірибеге ие, кәсіби тұрғыдан білікті, жұмыста жүйелі көзқарас ұстанады және жауапкершілігі жоғары. Қадыров сондай-ақ қос жаңа басшы республика дамуына елеулі үлес қосқанын атады.
Айта кетелік, Қадыровтың балалары мен туыстары Шешенстанда жоғары лауазымды қызметке жиі тағайындалады әрі түрлі марапатқа ие болып келеді. Мәселен, Қадыровтың қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы әкімшілігі мен үкіметі жетекшісінің бірінші орынбасары болған. Ал Ахмат Қадыров 18 жасында спорт вице-министрі, кейін жастар ісі жөніндегі министр және «Ахмат» футбол клубының президенті қызметін атқарды. Тағы бір ұлы Адам Қадыров 16 жасында әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып, кейін Владимир Путин атындағы арнайы жасақ университетінің кураторы болып тағайындалды. Сонымен қатар ол Газа секторына гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын үйлестіреді.
Рамзан Қадыровтың 96 туысы билікте жоғары лауазым иеленіп, жұмыс істегенін, әлі де қызмет атқаратындары барын осыған дейін жазған едік. Олардың қатарында оның 14 баласының жетеуі бар.