Үкімет 2025 жылы инфляцияны 9–11% деңгейінде ұстамақ, деп хабарлады Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

«Биыл инфляцияны 9–11% деңгейінде ұстап тұруды көздеп отырмыз. Ұлттық банктің мақсаты – 10,5–12,5%. Келер жылы шамамен 10%-дан аспайтын деңгейде, әрі қарай инфляцияны біртіндеп төмендетуді жоспарлап отырмыз. Шілде айының қорытындысы бойынша инфляция 11,8% деңгейінде тұрақтады», – деді Жұманғарин сәрсенбі күні Үкіметтегі брифингте.

Ұлттық экономика министрінің айтуына қарағанда, инфляцияның негізгі драйвері – қызмет көрсету секторындағы, әсіресе табиғи монополиялар – коммуналдық қызметтер бағасының өсуі.

«Біз аздап түзету енгізуге мәжбүр болдық. Егер тарифтік реформа биылғы жылы инфляцияға 1,32% үлес қосуға тиіс болса, оны 0,5%-ға қысқарттық, қазір 0,8%. Яғни қызмет көрсету секторының ықпалын азайттық. Бұл әрі қарай да әсерін тигізсе, 2026 жылы қайта қараймыз. Жалпы алғанда, біз инфляцияның 10% шамасында болуын жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, Үкімет 10% деңгейіндегі инфляциядан қауіптенбейді, себебі жоғары экономикалық өсім әдетте жоғары инфляциямен қатар жүреді. Ал ЖІӨ белгілі бір деңгейге жеткенде, инфляция тұрақталуға тиіс.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай