Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді тереңдету, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен аптада қандай өндірістер, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары іске қосылғанын Үкіметтің баспасөз қызметі жариялады.

Қызылордада халықтың әлеуметтік осал санаттарының ішінде кезекте тұрғандарға 90 пәтердің кілті табысталды. 4 жыл ішінде өңірде 30 мыңнан астам кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 2026-2027 жылдары 25 мың адамға 62 мыңнан астам пәтер тапсыру жоспарланып отыр.

Ақмола облысының Аршалы кентінде мұқтаждар санатындағы 47 отбасы жаңа 100 пәтерлі үйден пәтер алды.

Ақтөбе облысының Жабасақ ауылына көгілдір отын келді. 43 шақырымдық негізгі құбыр және 12,6 шақырымдық кентішілік газ құбыры тартылып, бес жүзден астам тұрғын газға қол жеткізді.

Көлік инфрақұрылымы

Арқалықта 30 жылдан кейін қала әуежайы кең ауқымды реконструкциядан өткізілгеннен кейін тұрақты әуе қатынасы қайта жанданды. Аптасына 2 рет Астана – Арқалық; Алматы – Арқалық; Қостанай – Арқалық бағыттары бойынша рейстер іске қосылды.

Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталды. Заманауи әуе кемелерін қабылдау үшін ұшу-қоны жолағы 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Субсидияланатын Астана-Павлодар бағыты іске қосылды. 1 қыркүйекте күнделікті Павлодар-Алматы және Павлодар-Новосібір рейстері қайта қатынай бастайды.

Теміржол вокзалдарын жаңғыртудың жалпы республикалық бағдарламасы аясында тағы екі ірі нысанда жұмыстар аяқталды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 74 вокзал салынды және реконструкцияланды:

Ақтөбеде жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден астам теміржол вокзалы жаңартылып, қайта ашылды. Кешен тәулігіне 6 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Ғимаратта қасбет, шатыр, күту залдары, желдету және ауаны баптау жүйелері жаңартылды, платформа жаңа қалқа шатырлармен жабылып, қауіпсіздік жүйелері іске қосылды және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалды.

Қостанай облысында Тобыл стансасының теміржол вокзалының ғимаратына жүргізілген реконструкция жұмыстары аяқталды. Станса тәулігіне 2 жолаушы платформасына және 13 жұп пойызға қызмет көрсетеді, орташа тәуліктік жолаушылар ағыны – шамамен 235 адам.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 2024 жылғы су тасқыны кезінде қираған Ойыл ауылына баратын автожол бойындағы 280 метрлік көпір пайдалануға берілді. Нысан «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізіне кіреді.

Тамақ өнеркәсібі

Қостанай облысында «Баян Сұлу» фабрикасының «Кондитерлік астана» атты кешені іске қосылды. Қуаты жылына 16,6 мың тонна өнім өндіруге жететін жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылды. Осылайша кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 85 мыңнан 101 мың тоннаға дейін артып отыр.