Анкоридж қаласында 140-қа жуық тұрғын Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуіне дейін Украинаға қолдау білдіріп, митингке шықты. Шараға қатысушылар Аляскада Ресей президентін қарсы алмайтынын және Владимир Зеленскийді күтетінін айтты.

Акцияда митингке қатысушылар жол бойына Украина жалауларын және плакаттарын жайып қойды. DPA агенттігінің мәліметіне қарағанда, жиналғандар саны шамамен 140 адам болды.

Путиннің Аляскаға келуіне қарсы шыққандардың бірі DW тілшісіне: «Мұнда Зеленский келуі керек. Ал диктаторларды — шетелдік болсын, жергілікті болсын — Аляскада қарсы алмаймыз», — деді.

Тағы бір қатысушы: «Путин – қылмыскер, оған Аляскада орын жоқ», — деген ой айтты. Ал үшінші қатысушы алдағы саммитті «біздің демократияны қорлау» деп атады.

Путин мен Трамптың Аляскадағы келіссөздері
Аляскада Ресей мен АҚШ президенттерінің Украинаға қарсы соғыс басталғаннан бері алғашқы кездесуі өтеді. Трамп пен Путин келіссөздерді Анкоридждегі АҚШ ӘӘК Элмендорф-Ричардсон әскери базасында өткізеді.

Ресей тарапынан делегация құрамына Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Юрий Ушаков, Қорғаныс министрі Андрей Белоусов, Қаржы министрі Антон Силуанов және президенттің шетел елдерімен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев кіреді.

Материалды дайындаған: Мөлдір Түктібай