Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен өткен «Сөзмерген – 2025» қалалық шешендік өнер байқауы өз мәресіне жетті. 18 бен 45 жас аралығындағы түрлі сала өкілдері – журналистер, мектеп мұғалімдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері сахнада сөз маржанын төгіп, ойларын көркем тілмен өрнектеп, доданың қызуын арттырды.

Қазылар алқасының құрамында белгілі қаламгер, журналист-этнограф Бекен Қайратұлы, «Жайдарман» жобасының жетекшісі, “Құрмет” орденінің иегері Есен Елеукен, ақын, қоғам қайраткері, «Жастар» театры директорының орынбасары Мақпал Мыса, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің сарапшысы Айбала Бекмұханбет, журналист, медиа-менеджер Мәди Манатбек сынды танымал тұлғалар болды.

Төрт кезеңнен құралған сайыстың алғашқысы – «Мен, мен, мен едім…» тақырыбында өтті. Қатысушылар жеребе арқылы реттік нөмірін алып, сахнаға шығып, қоғамдағы бір даулы жағдайды бейтарап көзқараспен шешу жолдарын ұсынды. Тапсырманы түсінгенімен, кейбірі сөз саптау барысында қойылған талаптан ауытқып жатты. Бұл айналымда үш қатысушы жарыстан шығып қалды. Қалғандары екінші кезең – «Ділмарға» өтті. Мұнда экрандағы ұяшықтан таңдалған тақырыпқа үш минут ішінде дәйекті сөз сөйлеу талабы қойылды. Уақыттың қысқалығы қатысушыларға біраз қиындық тудырды.

Үшінші кезең – «Тобықтай түйінде» алдыңғы сында үздік шыққан төрт үміткер әлеуметтік желідегі дауды бір ауыз сөзбен түйіндеуге тиіс болды. Оларға аста-төк тойдың зияны мен минималистік үлгіде той өткізу тақырыбында бес минут ішінде қысқа пост жазу тапсырылды. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен екі қатысушы ақтық сын – «Жиреншенің жолына» шықпастан, бір-біріне құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрдің үлгісін танытты.

Байқау жеңімпаздарын қазылар алқасы ұпай арқылы бағалады. Нәтижесінде бас жүлде – 300 000 теңге мен арнайы дипломды ақын Ықылас Ожайұлы иеленді. Бірінші орын мен 200 000 теңгелік сыйлық Жанболат Шәкімге берілсе, екінші орын (әрқайсысы 100 000 теңгеден) Қабиден Қуанышбай мен Бағлан Оразалыға бұйырды. Үшінші орынды (әрқайсысы 75 000 теңгеден) Ардаби Мәулет пен Бекзат Құлшар бөлісті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қазақ тілінің көркемдігін дәріптеген, ой қуатының артықшылығын айқындаған бұл байқау осылай өз мәресіне жетті.