Президент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыру барысына қатысты есебін тыңдады.
Агенттік мәліметінше, Жарлық аясында квазимемлекеттік секторды оңтайландыру және нарықтағы бәсекелестікті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің қатысуымен 2026–2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік активтерді қысқарту жоспары бекітілген. Бәсекелестік ортаға берілетін активтердің жалпы кірісі 3,4 трлн теңгені құрайды.
Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелері туралы баяндалды. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде бәсекелі сатып алулар көлемі 6,2–8,1 трлн теңгеге дейін артқан.
Кездесу барысында бизнес субъектілерінің нарыққа кіруіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, өнімсіз делдалдарды қысқарту және цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін енгізу бағытындағы жұмыстар да айтылды.
Марат Омаров монополияға қарсы саясатты жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті әзірленіп жатқанын атап өтті. Құжат бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға, монополияланған нарықтарды бақылауды күшейтуге және мемлекеттік сектор үлесін одан әрі қысқартуға бағытталған жеті негізгі бағытты қамтиды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агенттікке экономиканы ырықтандыру және бәсекелестікті дамыту бағытында бірқатар нақты тапсырма жүктеді.