Қазақстан мен АҚШ стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған кездесу өткізді
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады. Кездесу барысында қазақ-америка ынтымақтастығының қазіргі деңгейі мен болашақтағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Президент кездесу барысында «Біз өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік туғанын оң бағалаймыз. Әсіресе, аса маңызды минералдар бойынша C5+1 диалогына қатысуыңызды құптаймыз. Бұл Құрама Штаттардың Қазақстанмен және бүкіл Орталық Азиямен ынтымақтастыққа стратегиялық тұрғыдан мән беретінін көрсетеді» деді.

Фото: akorda.kz
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампқа жылы лебізін жеткізді.
Серджио Гор өз кезегінде Қазақстан Президентіне алғыс айтып, «Президент Трамп қызметіңізді айрықша бағалайды. Біз елдеріміздің мүддесі үшін өзара тиімді шешімдер іздеуге ұмтыламыз. Кейінгі жылдың өзінде 20 миллиард доллардан аса сомаға келісім жасалды. Бұл әлі бастауы ғана» деді.

Фото: akorda.kz
Кездесу барысында екі тарап бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ минералдар, көлік-логистика, цифрландыру және басқа да стратегиялық салалардағы ықпалдастықты талқылады. Сонымен қатар Қазақстан тең құрылтайшысы болып табылатын Бейбітшілік кеңесінің қызметі назардан тыс қалмады.

Фото: akorda.kz
Жиын соңында Президент пен Арнайы өкіл сан қырлы қазақ-америка ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін білдірді.