«Ақылды» өндіріс алаңы: Қарағандыдағы цифрлық трансформация
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» Жолдауы негізінде биылғы жыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл шешім ұлттық экономиканың негізгі салаларына жаңа серпін берді.
Қарағанды өңірі өзінің индустриялық дәстүрін заманауи технологиялармен үйлестіріп, цифрлық көштің алдында тұр. Арқа төсіндегі алып зауыттар мен шахталарда жасанды интеллект өндірістің негізгі тетігіне айналды: ол жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өндірісте ЖИ шахталардағы ахуалды бақылап, қауіпті аймақтарда дрондарды пайдаланады. Сонымен қатар, цифрлық жобалар өндіріс үдерісін үш есеге дейін жылдамдатты, заманауи технологияның тиімділігін көрсетті.
Президент алдағы үш жылда елді толық цифрлық мемлекетке айналдыруға тапсырма берді. Тау-кен металлургия саласында геологияны цифрландыру, ЖИ арқылы болжамды талдау жүргізу және позициялау жүйелерін енгізу – бүгінгі күннің қажеттілігі. 2025–2026 жылдарға арналған өңірлік жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылып, өндіріс орындарының келбеті айтарлықтай өзгерді.
Мысалы, Теміртаудағы металлургия зауытына орнатылған «ақылды» камералар қауіпті аймақтарға адамның кездейсоқ кіруін тіркеп, жабдықты автоматты түрде тоқтатады, осылайша оқиғалардың алдын алады. Алдағы уақытта жүйеге жұмысшылардың жеке қорғаныс құралдарын тану функциясы қосылады.

Сонымен қатар, «KZ TRANSIT» компаниясы пайдаланатын Teleport 3D платформасы ЖИ алгоритмдері арқылы тапсырыстарды өңдеп, күрделі сызбаларды қатесіз дайындайды. Материал таңдау дәлдігі 99%-ға жетіп, бұрын апталап жасалатын жұмыс үш есеге қысқарды.
Индустриялық трансформацияның тағы бір мысалы – Qarmet компаниясының жаңа буындағы Ахуал орталығы. Бұл орталық логистикалық үдерістер мен жалпы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылайтын стратегиялық басқару хабы. ЖИ алгоритмдері мыңдаған датчик пен бейнебақылау құрылғыларынан ақпаратты секундына өңдеп, қауіпсіздік тәртібін бұзуды автоматты түрде анықтайды.
Келесі кезеңде өңірдегі 100-ден астам кәсіпорынды толық цифрландыру және жергілікті ЖИ шешімдерін халықаралық нарыққа шығару жоспарланған. Осылайша, Қарағанды жасанды интеллект арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеріп, өндірістің қауіпсіздігін арттырып, еңбек өнімділігін едәуір жоғарылатуда.